"Бірқабатты Шығыс": Семейде 20 отбасы баспаналы болды
Семейде қазіргі таңда 12 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр.
Семей қаласының Комсомол кентіндегі "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында салынған үйлерге 20 отбасы қоныстанды.
Семей қаласы әкімдігі ұсынған ақпарат бойынша, жаңа баспанаға ие болғандардың 15-і көпбалалы отбасылар, қалғандары халықтың әлеуметтік осал топтарынан. Айта кеткен жөн, бұл үйлер сатып алу құқығынсыз жалға беріледі.
Жалпы қазіргі таңда Семейде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 12 535 отбасы тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар - 1039, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар - 4399, жетім балалар - 1682.
Соңғы уақытта көп адамдар банк арқылы әлеуметтік бағдарламалар бойынша тұрғын үй сатып алып жатқанын мәлімдеді әкімдіктегілер. Мәселен, өткен жылы "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша Қарағайлы шағын ауданында
65 отбасы баспанамен қамтылды. Осы бағдарлама аясында тағы 100 отбасы қайталама тұрғын үй нарығы бойынша баспана алды. "Шаңырақ" және "Әскери баспана" бағдарламалары бойынша 25 пәтер кілті берілген.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 3 жыл кезекте тұрып, 2 бөлмелі баспананы иелендім. Ең бастысы барлық жағдайлар жасалған, - деп алғысын білдірді 4 баланың анасы Рита Зейноллина.
Семейде тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен дамуда. 2022 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған азаматтарға Қарағайлы тұрғын ауданында 128 жалдамалы пәтер бөлінеді. Сондай-ақ, "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы аясында 28 екі пәтерлі тұрғын үй салынады. Оларды "Бақытты отбасы" банк бағдарламасы бойынша тұрғындарға беру жоспарланған. Бұл үйлерді 56 отбасы сатып алуға ниет білдіріпті.
"Шаңырақ" және "Әскери баспана" бағдарламалары бойынша тағы 30 пәтер беру жоспарлануда.