Таза Қазақстан: Шыбындыкөлде 200 қап қоқыс жиналды (видео)
Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Тазалық науқанына бірі кісідей атсалысып жатқан ауданның бірі – Ұлан. Өткенде аудан жұртшылығы Сібе көлдерінің жағасын тазартып, 20 мыңнан астам көшет екті. Бүгін балалар лагері орналасқан Шыбындыкөл аумағын тазартылды. Іс-шараға студенттер, оқушылар, жастар ұйымдарының мүшелері, эко-белсенділер, еріктілер – жалпы саны елуге жуық адам белсене қатысты.
Акцияның арнайы қонағы болғанын айта кетуіміз керек. Ол – Стокгольмнан келген спортшы Иоган Мартенсон. Табиғатты қорғау- адамның басты міндеті деп есептейтін шетелдік азамат «Таза Қазақстан» акциясына қатысқанын мақтаныш тұтатынын айтты.
Бұл акция туралы естіген соң, бірден қатысамыз деген шешімге келдік. Бүгін, міне, спортшылар өзіміз ғана елу қап қоқыс жинадық. Қазақстан аумағын тазалауға өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз, – дейді Стокгольмнан спортшыларды бастап келген Иоган Мартенсон.
Музыкалық сүйемелдеумен өткен сенбілік шағын мерекелік іс-шараға айналғандай. Шыбындыкөл жағасында 200 қап қоқыс жиналды. Белсенділер жинаған қоқыс арнайы орындарға жеткізілетін болады.
Өңірдегі өзен-көлдер мен тоғандардың жағасын, бұлақтардың маңын тазарту және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.