KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, С
509.94 593.88 6.43

«Сіздер туралы онсыз да белгілі»: сарапшы жалпыға ортақ декларациядан бас тарту туралы пікір білдірді

Pixels.com

25.11.2024, 10:00 310 Төлеуғазы Жансая

Салық және салықтық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев Қазақстанда жалпыға ортақ декларациялаудың төртінші кезеңінің неге тоқтатылғанын және онсыз да азаматтардың кірістері мен шығындарын қалай бақылауға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Сарапшының айтуынша, халықтың негізгі бөлігі үшін активтер мен кірістерді декларациялаудан бас тарту салықтың төленуін ешкім бақыламайды деген сөз емес. Керісінше, бұл салық органдарында қажетті ақпараттың барлығы бар екенін көрсетеді.

«Президент бұл шешімімен: «Сіздер туралы онсыз да білеміз» деп айтқандай», – дейді Казанцев.
Оның пікірінше, қазіргі таңда барлық әрекет цифрландырылған, банктер барлық деректерді мемлекеттік органдарға беріп отыр. Сондықтан көлеңкелі экономикамен жалпыға ортақ кіріс декларациясынсыз да күресуге болады.
– Декларацияны тапсырғаннан кейін ғана тексере бастайды деген жалған түсінік жойылды. Қазірдің өзінде салық органдары жеке тұлғаларды тексеруді бастай алады. Егер жалпыға ортақ декларациялау күшіне енгенше күткенде, жеке тұлғалар 250-форманы (активтер туралы бастапқы декларация) тапсырып, 2026 жылы 270-форманы (кірістер мен сатып алынған мүлік туралы декларация) берер еді. Бірақ енді салық органдары кірістеріңіз бен шығындарыңызды ертеңнен бастап-ақ салыстыра алады. Сондықтан декларация тапсырмайтын болдық деген жақсы жаңалық. Бірақ бұл салық төлеуден босатылу дегенді білдірмейді, – деп түсіндірді сарапшы.

Шығындарды жасыру мүмкін емес. Дмитрий Казанцевтің айтуынша, егер сіздің ресми жалақыңыз 85 мың теңге болса, бірақ ай сайын 350 мың теңге жұмсасаңыз, оны декларациясыз да жасыру мүмкін емес. Жалақыдан тыс кірістеріңіз болса, жеке табыс салығын (ЖТС) 10 пайыз көлемінде төлеуіңіз қажет.

Сарапшы декларацияны ерікті түрде тапсыру құқығы сақталғанын айтты. Бұл азаматтарға салық органдарының кірістері мен шығындарына қатысты деректері сәйкес келмейтін жағдайларды түсіндіруге мүмкіндік береді. Мысалы, қымбат сыйлық алған жағдайда. Бірақ халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін және жалпыға ортақ декларацияға көзқарасын ескерсек, мұны тек санаулы азаматтар ғана жасайтынын болжауға болады.

– 270-ші форма бойынша да үлкен өзгерістер күтілуде. Декларация тапсыру міндетті, бірақ талаптар өзгереді. Мысалы, оны енді тек белгілі санаттар тапсырмақ: мысалы, компания акцияларының 25 пайызына ие азаматтар немесе 75 миллион теңгеден асатын сатып алулар жасаған адамдар.
Бұл шара салық органдарында бар мәліметтерді сәйкестендіру үшін жасалады, – деді сарапшы.

Шенеуніктердің кірістері туралы есептер жариялау қаншалықты тиімді? Мемлекеттік қызметкерлердің кірістері туралы есептерді жариялау жемқорлықпен тиімді күресу тәсілі бола қоймас. Себебі көптеген шенеуніктер қымбат мүліктерін мемлекеттік қызметке дейін бизнеспен айналысқаны арқылы ақтайды.
– Әкімдердің жалақысынан басқа кірісі болса, салық органдары онсыз да анықтай алады деп ойлаймын. Сондықтан есептерді жариялаудың аса маңызы жоқ, – деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Үкіметі 8 миллион азаматты жалпыға ортақ декларация тапсырудан босату туралы шешім қабылдаған болатын. Кейіннен Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) екінші деңгейлі банктерден босатылған азаматтар туралы қандай деректер алынатынын түсіндірді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу