KZ
Өскемен
-1°
дымка жел 1 м/с, В
496.41 542.77 6.05

Аяужан Әшімова: ҮЕҰ қызметін заңмен реттеу – уақыт талабы (видео)

Бүгін, 09:30 72 Әбішев Ержан

Бурабай төрінде өткен Ұлттық құрылтайда елдің ішкі саясатына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қоғамның дамуына серпін беретін бастамалар қатарында үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі де күн тәртібіне шықты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық талдау және болжау институтының директоры Аяужан Әшімова бұл Құрылтайдың ерекшелігі мен маңыздылығы жөнінде өз пікірімен бөлісті:

– Ел көлемінде өтетін түрлі жиындардың ішінде Ұлттық құрылтайдың жөні бөлек. Бұл – ішкі саясат мәселелері талқыланатын, елдің келешегі сөз болатын маңызды алаң. Бұл тақырыптар экономикадан да маңызды деп ойлаймын. Себебі біз мұнда болашақ ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, адамгершілік қарым-қатынас секілді қоғамның іргетасын қалайтын мәселелерді қозғаймыз, – деді ол.

Аяужан Әшімованың айтуынша, осы жылғы Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшіліктің көңілінен шыққан бір пікірі ерекше ой салды.

– Президентіміз: «Біз – ерекше халықпыз, бірақ басқа да жұрттар бар, олармен де санасуымыз керек», – деп өте маңызды мәселені көтерді. Бұл сөз – кеуде керіп мақтанатын емес, қайта қарапайымдылықпен өз жағдайымызды түзеп, қолымыздан келетін істерге жұмыла кірісу керектігін меңзеген терең мағынадағы ой. Бұл – елдік көзқарас, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол үкіметтік емес ұйымдар жайлы заң қабылдау бастамасына қолдау білдіретінін айтты.

– Мен өзім ҮЕҰ саласының маманымын. Осы салада көп жыл еңбек етіп келемін. Біздің елімізде бұл ұйымдар әлеуметтік-экономикалық даму мен ішкі саясатқа үлес қосып келеді. Алайда олардың қызметін нақты реттейтін арнайы заң жоқ. Ұлттық құрылтайда бұл мәселенің көтерілуі – біз үшін зор қуаныш. Егер бұл заң қабылданатын болса, біз де өз тарапымыздан ұсыныс-пікірімізді білдіріп, атсалысуға дайынбыз, – деді Аяужан Әшімова.

Ұлттық құрылтайда айтылған осы сынды бастамалар еліміздегі азаматтық қоғамды дамытуға, мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың бірлігіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу