KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
521.9 593.5 6.39

Өскеменде Сәуле Досжанның жаңа кітабы таныстырылды

16.04.2025, 13:00 138 Ержан Әбіш

Өскеменде белгілі жазушы Сәуле Досжанның “Өмір бәйтерегі” атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Сәуле Досжанның “Өмір бәйтерегі” атты кітабының таныстырылымы өтті. Салтаннатты шараға қаламгердің шығармаларын сүйіп оқитын көпшілік жиналды.

Туынды Өскемен қаласының кітапханалар сөресіне қойылмақ.

Кітапта қазақ халқының жеті аталық жүйесі, оның әлеуметтік, рухани, биологиялық мәні, сондай-ақ туыстық қатынасты сақтаудың маңызы кеңінен баяндалады. Автор тарихи деректер мен заманауи көзқарасты ұштастыра отырып, жастарды тектілікті тануға, рухани жаңғыруға үндейді.

– «Өмір бәйтерегі» романын жеті жыл бойы жаздым. Ұлттық кодымызды, қан тазалығын, әлемде қазақта ғана бар «жеті ата» шежіресінің дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, жастарға түсіндіру үшін әр тарауды жеті қайтара оқып шықтым. Айта кетейін, бұл – менің жетінші романым, – деді Сәуле Досжан. 

Қазақ поэзия айдынында ғана емес, прозасында да ерекше талантымен көзге түскен Сәуле Досжанның бүгінгі күнге дейін “Жыр тәж”, “Арман қала”, “Құдіретті қалам иесі”, “Қасірет пен тағдыр” сынды көптеген шығармалары жарық көрген.

Ал енді ғана басылып шыққан кітабында қаламгердің жеті ата тақырыбына қатысты толғамды ойлары қамтылған.

– Бұл шығармам маған үлкен несібе болды. Қазақстан туралы ең үздік роман байқауында Mecenat әдеби сыйлығының жеңімпазы атанды, – деп қаламгер ай сайын өмір бойына 500 доллар сыйақы алып отыратынын тілге тиек етті.

Жайна Сыранова

Фото: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу