KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
491.71 529.97 5.05

Тарбағатай жұрты ақынының тоқсан жылдығын тойлады

27.08.2024, 10:14 392 Қызырбек Дүргінбайұлы

Биыл Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Бақыт Ихсановтың туғанына тоқсан жыл толып отыр. Барқытбел жұрты жерлес ақынының торқалы тойы қарсаңында мүшәйра ұйымдастырып, қаламгердің жаңа кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Қаламгер Бақыт Ихсанов оқырман қауымға «Сырымды айтам», «Жырла жүрек сырласым», «Тамырым менің тереңде», «Ұйқым келмейді», «Қанатты жылдар», «Таңдамалы» сынды еңбектерді рухани азық етіп қалдырды. Ақжар мәдениет үйінде ақынның 90 жылдығына арналған «Ғасыр дауысы келеді құлағыма» атты еске алу кеші өтті. Кеш қалемгер шығармашылығына арналған театралды поэтикалық қойылыммен басталып, ақынның «Сезім сырлары» атты кітабының тұсаукесерісмен жалғасты.

– Өмірдегі болмысы тым қарапайым қазақ баспасөзінің құрметті ардагері  атанған Бақыт ағамыз  табиғат берген дарыны бар ақын, кілең  қоғам санасына әсер ететін танымдық мақалалары, әдеби публицистикалық еңбектерімен белгілі, ел мен жер шежіресін, Тарбағатай өңірінің жылнамасын жазған қаламгер еді. Сонау кеңестік кезеңнің қызыл идеологиясының желі оңынан соғып тұрған, сол заманның қыл бұрауымен байланған тұста Бақыт ағамыз өзінің ұрпақ алдындағы салмақты жүгін білігімен, заман сұрын сезінуімен, парасатпен  пайымдай білді, – дейді Тарбағатай ауданы Ақжар мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева.

Сонымен қатар «Ғасыр дауысы келеді құлағыма» атты облыстық ақындар мүшайрасының жүлдегерлері анықталды. Топ жарған ақындарға сыйақы табысталды. Жыр сайысына 40-қа жуық ақын қатысып, 10 ақын жүлдегер атанды.

Рухани кеш барысында Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Мамырбаев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Бас редакторлар клубының президенті Бибигүл Жексенбайдың және Қазақстан Жазушылар Одағының арнайы хатын ақынның балаларына табыс етті. Рухани шараға жиналған жұрт ақын жайлы естеліктер легіне құлақ түріп, ән мен жыр тыңдап қайтты.

Өлең өмір дүниесіне жоғалмас қазынадай жырларын қалдырған Бақыт ағамыздың қызы Гүлжанат Бақытқызы ақынның жаңа кітабын кеш қонақтарына сыйға тартып, аудан кітапханаларына табыс етті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив