Елімізде өндірістік жарақаттану 16,8%-ға азайды
gov.kz
2025 жылдың алғашқы үш айында елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі айтарлықтай төмендеді. Министрлік деректеріне сүйенсек, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 16,8%-ға азайған. Жыл басынан бері 293 жұмысшы зардап шегіп, олардың 40-ы қайтыс болған, деп хабарлайды Altаіnews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
1000 қызметкерге шаққандағы жарақаттану жиілігі 0,04 коэффициентін құрады. Алайда, өндірістік өңірлерде бұл көрсеткіш әлі де жоғары: Қарағанды (31 адам), Қостанай (27), ШҚО (24), Ақтөбе мен Атырау облыстары (22 адамнан), сондай-ақ Алматы қаласы (19 адам) алдыңғы қатарда тұр.
Жазатайым оқиғалар көбінесе тау-кен металлургия кешені (15,3%) мен құрылыс саласында (12%) орын алған. Оқиғаларға себеп болған негізгі факторлар – жұмыс процесін дұрыс ұйымдастырмау (34,4%), жұмысшының абайсыздығы (32%), жол ережесін бұзу (8,4%), және еңбек қауіпсіздігін сақтамау (7,6%).
Министрлік соңғы бес жыл ішінде қабылдаған кешенді шаралар нәтижесінде жарақаттану деңгейі 6,3%-ға төмендегенін атап өтті. Қазір 3262 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі стандарттары енгізілді.
Сонымен қатар "Vision Zero – Нөлдік жарақат" тұжырымдамасын қолдаған кәсіпорындар саны 605-ке жетті. Республиканың 318 құрылыс нысанында бас мердігер тарапынан қосалқы ұйымдарға қатысты қауіпсіздік жауапкершілігі артып отыр.
"Онлайн еңбек кеңесшісі" электронды сервисі іске қосылып, бүгінге дейін 41 090 жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі талаптарын өзін-өзі тексеру мақсатында пайдаланды.
Қазіргі уақытта 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жүзеге асуда. Ол еңбек қауіпсіздігін арттырудың жаңа тәсілдерін енгізуге, кәсіби құзыреттілік пен ғылыми әлеуетті нығайтуға, сондай-ақ өндірістегі бақылау мен мониторингтің тиімділігін күшейтуге бағытталған.