KZ
Өскемен
-20°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
509.75 594.67 6.46

ШҚО-дағы университеттердің бірінде түлектерді шетелдік оқытушылар құттықтады

30.06.2025, 18:10 244 Ержан Әбіш

Өскеменде орналасқан Қазақстан-Американдық Еркін Университетінде (ҚАЕУ) 27-ші рет диплом тапсыру салтанаты өтті. Салтанатты шараға университеттің оқытушылары, түлектер мен олардың ата-аналары және серіктестері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл ҚАЕУ-дің қазақстандық және америкалық білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат пен магистратураны сәтті аяқтаған 1 100 студентке диплом табысталды. Түлектер қатарында бизнес, құқық және халықаралық қатынастар, педагогика және психология, шет тілдері кафедралары мен ағылшын тілінде білім алып, академиялық ұтқырлық пен халықаралық тағылымдамадан өткен америкалық бағдарлама түлектері бар.

Салтанатты кеште Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, университеттің халықаралық серіктестікке қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.

– Біз ҚАЕУ-мен мақтанамыз. Университет 30 жыл ішінде 15 мыңнан астам маман даярлап, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген кадрларды шығарды, – деді Ербол Нұрғалиев.

Түлектерге ақ жол тілегендер қатарында ҚАЕУ президенті, ҚР ҰҒА академигі Ережеп Мәмбетқазиев, шетелдік ұстаздар Рональд пен Жанин Уайли, ҚАЕУ бірінші вице-президенті Жасұлан Байкенов пен профессорлық-оқытушылар құрамы болды. Олар студенттердің жоғары дайындық деңгейін және кәсіби ортада өз орнын табуға әзір екендігін ерекше атап өтті.

Айта кетейік, профессор Рональд Уайли – ҚАЕУ-дің «Құқық және халықаралық қатынастар» кафедрасының жетекші маманы, халықаралық қатынастар және қақтығыстану саласындағы мойындалған сарапшы. Ол қазақ тілін еркін меңгерген, бұл – өзіндік мәдени феноменге айналған ерекше құбылыс. Шетелдік профессорлар мен ғылым докторларын тарту университеттің білім беру процесінің маңызды бөлігіне айналған. Мұндай мамандардың дәрістері студенттердің дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, әлемдік саясаттағы күрделі мәселелерді терең ұғынуға септігін тигізеді.

Салтанатты шараның тағы бір ерекшелігі – қос дипломды магистратура бағдарламасы бойынша білім алған алғашқы магистранттардың диплом алуы болды. «Management with Computer Science» атты бұл бағдарлама Германияның Цвиккау қаласындағы Батыс-Саксон қолданбалы ғылымдар университетімен бірлесіп дайындалған.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан-Американдық Еркін Университеті өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде ҚАЕУ еліміздегі жеке білім беру саласының көшбасшысына және халықаралық серіктестік қағидатына негізделген алғашқы жоғары оқу орнына айналды. Оның түлектері бүгінде елімізде де, шетелде де жоғары сұранысқа ие білікті мамандар санатына енуде.

Елизавета Седых

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу