KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
509.94 593.88 6.43

Өскеменде 600 орындық жаңа мектеп салынып жатыр

1.07.2025, 14:30 415 Ержан Әбіш

Өскемен қаласында 600 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл мектеп іске қосылған соң әсіресе тез дамып келе жатқан КШТ шағын ауданындағы мектептердің жүктемесі жеңілдей түседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Есенберлин даңғылы бойынан бой көтеріп жатқан бұл білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Құрылысты «AST Qurylys 22» компаниясы жүргізуде.

Жаңа мектептің құрылысын «AMANAT» партиясының депутаттары өз бақылауына алған. Олар бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасындағы маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі екенін айтты.

— Білім – еліміздің болашағы. Бұл мектеп – біз берген уәделердің нақты көрінісі. Балаларға сапалы білім, қауіпсіз орта қажет. Біз тек бақылап қоймай, мектептің дер кезінде пайдалануға берілуіне көмектесуіміз керек. Халық бізге сенім артты – енді сол сенімді ақтау парызымыз, – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Қазір мектептің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату секілді жұмыстар жүріп жатыр.

— Бұл мектеп – өте маңызды жоба. Сондықтан сапа мен мерзімді қатты қадағалап отырмыз. Жұмыс белгіленген жоспар бойынша жүріп жатыр. Басты мақсатымыз – балаларға арналған заманауи, жайлы әрі қауіпсіз мектепті уақытында тапсыру, – дейді мердігер компания өкілі Владислав Ракульцев.

Құрылыс барысы тамыз айының соңында депутаттар тарапынан тағы бір рет тексеріледі.

Айта кетейік, бұл – «Келешек мектептері» бағдарламасымен ШҚО-да салынып жатқан жалғыз нысан емес.

— Осы бағдарлама аясында Шығыс Қазақстанда 7 мектеп салынып жатыр. Оның бесеуі толық бітіп тұр. Қалған екі мектеп те биыл тапсырылуы тиіс, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанғазы Әліпбаев.

Елизавета Седых

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу