KZ
Өскемен
-28°
туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Сазан, шортан мен көксеркеге – шектеу: жаңа тәртіп жарияланды

3.07.2025, 12:30 330 Айдос Мырзахметов

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда балық пен басқа да су жануарларын аулауға қатысты жаңа лимиттер күшіне енеді. Тиісті нормалар Ашық НҚА порталында жарияланған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы жобасында көрсетілген. Қандай балық түрлеріне шектеу қойылды, қай жерде балық аулауға рұқсат етілді және ереже бұзушыларға қандай жаза қолданылады? Бұл сұрақтарға АШМ Балық шаруашылығы комитетінің балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының бас сарапшысы Ілияс Махметов жауап берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Шектеу ең алдымен сазан, табан, көксерке, шортан сынды кең таралған әрі жиі ауланатын балықтарға қойылады. Дегенмен лимит барлық су айдынына емес, тек экологиялық ахуалы нашар, қорғау шараларын қажет ететін учаскелерге ғана енгізіледі.

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, заңмен белгіленген лимиттен сәл асып кетсе, айыппұлдар салынады. Ал ереже қайталанса, жаза күшейтіледі. Жеке азаматтар мен кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемі айырмашылыққа қарай белгіленеді. Сонымен бірге заңсыз ауланған балық пен құрал-жабдықтар тәркіленеді.

Комитеттің бас сарапшысы Ілияс Махметовтің айтуынша, егер балық аулау кезінде тыйым салынған әдістер қолданылса немесе келтірілген зиян елеулі болса, онда жауапкершілік қылмыстық сипат алады. Мұндай жағдайда үлкен айыппұлмен қатар, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ауырлататын мән-жайларға уылдырық шашатын жерлерде немесе қорғалатын табиғи аумақтарда балық аулау, қызмет бабын асыра пайдалану және ірі материалдық зиян келтіру жатады. Ал аса ауыр бұзушылықтар кезінде, мысалы, рецидив немесе ұйымдасқан топпен әрекет ету фактілері тіркелсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және салада жұмыс істеуге тыйым салу сияқты жазалар тағайындалуы мүмкін.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу