KZ
Өскемен
+22°
пасмурно жел 4 м/с, З
518.97 607.3 6.64

Өскемендегі кемелер шеруі: қырық жылдан кейін қайта жаңғырған мереке

6.07.2025, 13:20 439 Айна Бакимбаева

 

 

Бүгін Өскеменде ерекше форматтағы мерекелік шара өтті. Ұлттық Домбыра күні мен Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Ертіс өзенінде су көліктері шеруі ұйымдастырылды. «Самал» саябағынан шыққан, Қазақстан Туымен безендірілген тоғыз көлік Ертіс жағалауымен Пристань айлағына дейін сапарлады. Қырық жылдан кейін жаңғырып отырған мереке халық пен билік арасындағы жылы жүздесуге ұласты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Таңертеңнен Өскемен өзен вокзалы маңында ұлттық әуендер шырқалып, қала халқы мерекені көруге асықты. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов шеруді жағалауда өскемендіктер мен қала конақтарымен бірге тамашалап, емін-еркін ашық әңгіме құрды.

Бұл шара рухани құндылық пен табиғаттың үйлесімін көрсететін ерекше форматтағы мерекенің үлгісі болды. Ертіс өзені бойындағы ұлттық сарын мен жылы жүздесу, домбыра үні мен халықтың көңіл күйі – барлығы да ел бірлігін, мәдениетке деген құрметті көрсетті.

– Бүгін біз Өзен флоты күнін атап өтіп жатырмыз. Бұл мереке халыққа да, өңір үшін де маңызды. Көптеген тұрғындардан оң пікірлер мен ұсыныстар түсіп жатыр. Осыны ескере отырып, келесі жылдан бастап бұл күнді дәстүрлі үлкен фестиваль ретінде өткізсек деген ойымыз бар. Бұл бастаманы мәслихат депутаттарымен, қоғамдық ұйымдармен ақылдаса отырып, жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде қала тұрғындары мен қонақтарына керемет мереке сыйлаймыз деген сенімдеміз.
Өзен флоты қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта да олардың жұмысына қажетті жағдайлар жасаймыз. Бұл сала – біздің экономикамыздың дамуына өз үлесін қосатын маңызды бағыттардың бірі, - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Бұл мерекенің маңызын тереңнен түсінуіміз керек. Өзен көлігі – жүк тасымалында тиімді, арзан және экологиялық жағынан таза көлік түрі. Облыс әкімі болашақта осы бағытта жұмыс жүргізіп, өзен көлігін дамыта түсу қажеттігін баса айтты.

Осылайша алғаш рет соңғы қырық жыл ішінде азаматтық жолаушылар флотының жаңғыруы байқалды. Мұны қайта өрлеудің бастауы деуге болады. Шеруге қатысқан көлік құралдары қатарында «Су жолдары» мекемесіне тиесілі «Болат Карентаев», «Алтай», «КС-111» атты үш бірдей теплоход және “BELALEKS” компаниясының бес катері, жеке меншіктегі гидроциклдер, моторлы қайықтар болды. Жағалауда оларды мерекелік шарлармен қарсы алған тұрғындар қуаныштарын жасыра алмай, ерекше сезімде тұрды. 

- Биыл араға 40 жыл салып, алғаш рет өзен көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтудеміз. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі тарихи сәт. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара осы саланың жаңғыруының бастауы деп білемін. Алдағы уақытта бұл дәстүр жалғасын тауып, ауқымы кеңейіп, қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына мерейлі мереке сыйлайды деп сенемін, - деп атап өтті “BELALEKS “ ЖШС Өскемен қаласы өзен трамвайлары” жобасының ұйымдастырушысы Олег Белов.

Өскемендіктер мен қала қонақтары үшін тамаша көңіл-  күй көтеретін демалыс түрінің бірі – өзен трамвайларымен саяхат.  Олег Ивановичтің айтуынша, Ертіс өзенімен өзен трамвайлары қатынасын жаңғырту идеясы  2015 жылы туғанымен, нақты әрекетке 2020 жылы, яғни COVID-19 пандемиясы басталған тұста кірісіпті. Дәл сол кезеңнен бастап жолаушылар ағыны қарқынды өсе бастады. Мысалы, 2020 жылы  20 мың жолаушыны тасымалдаса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 100 мыңнан асып отыр.

Жаңа бағыттар ашылуда. Соның ішінде аса сұранысқа ие маршрут – Өзен вокзалы мен «Самал» саябағы бағыты. Қала әкімдігі бұл бағытты қолдап, өз үлесін қосты. Алдағы уақытта Өзен вокзалы – Самал паркі – қалалық жағажай» бағыты іске қосылады деп күтілуде. Бұл бағыт бойынша қозғалыс келесі жылы басталып, тұрғындарға жағажайға бару үшін қолайлы жағдай туғызылмақ.

- Бұл жоба – тек көлік қатынасы емес, сонымен қатар өңірлік туризм мен қала инфрақұрылымын дамытудың да бір бөлігі. Көрермен де, қатысушы да артып келеді. Бүгінгі іс-шара да өте сәтті өтті. Халықтың қызығушылығы мен қолдауы – біз үшін басты көрсеткіш, - деп қосты Олег Белов.

Кемелердің бірінде Ұлттық домбыра күніне орай «Жұлдыз» өнер мектебінің жиырма домбырашысы Құрманғазының, Динаның, халық күйлерін сұңқылдатты. Жас домбырашылар алты күй орындап, мерекенің ажарын аша түсті.

Домбырашылардың ең жасы - сегіз жастағы Шынар. Ұлттық аспабымызды шертуді алты жасынан үйреніп жүр.

- Домбыраға қатысқаныма екі жылдай болып қалды. Менің домбыра жетекшім - Айжан апай. Ол кісі бізге білім беріп, домбыраны шертіп үйренуде көп ақыл-кеңесін айтады. Мен Тепеңкөк, Нәрағаш, Балбырауын, тағы да басқа көп-көп күйлерді шерте аламын. Әсіресе су айдынының үстінде келе жатып домбыра шерткен мүлде басқа екен. Маған қатты ұнады, - дейді кішкентай домбырашы.

Айтпақшы, Шынардың ағасы Аян да домбыраның құлағында ойнайды екен. 

Аружан Жұмабекова Өскеменге басқа қаладан қонақтап келіпті.

- Осындай тамаша мереке болатынын естіп арнайы келдім. Жаңа кемелер шеруін тамашаладым, біреуінде домбырашылар өнер көрсетіп бара жатты. Қазір өзім де су көлігіне отырып, Ертістің үстінде саяхаттамақпын. Ерекше толқып тұрмын, мен үшін бұл таңсық демалыс, - деп бөлісті Аружан.

Ертіс жағалауында «Дарабоз» ансамблі мен қаланың басқа да шығармашылық топтары өнер көрсетіп, мерекенің сәнін кіргізді.

Фото: Екатерина Семина, Махаббат Ахметжанова

Видео: Жалғас Сакадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу