Қазақстандық оқушылар халықаралық физика олимпиадасында абсолютті чемпион атанды
Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен ISPhO-2025 халықаралық ғылыми физика олимпиадасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп, әлемдік көшбасшылар қатарынан көрінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 21 елден келген мықты оқушылар арасында бес қазақстандық жас жалпы 10 жүлдемен елге оралды. Олимпиада теориялық және эксперименттік екі негізгі турдан тұрды. Қорытынды нәтиже осы екі кезеңнің жиынтық ұпайларымен есептелді.
Күміс медаль иегерлері:
Роман Черемнов — Алматы қаласындағы «Мирас» мектебінің 11-сынып оқушысы;
Таир Әбдіқадыр — Қостанай қаласындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы;
Альтаир Ақанов — Астана қаласындағы РФММ-нің 11-сынып оқушысы;
Ильяс Қазымбек — Алматы қаласындағы РФММ-нің 10-сынып оқушысы.
Қола медаль иегері:
Даниэль Түлібаев — Астана қаласындағы «NurOrda» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы.
Теориялық тур қорытындысы бойынша:
І дәрежелі диплом – Роман Черемнов пен Ильяс Қазымбек;
ІІ дәрежелі диплом – Даниэль Түлібаев, Таир Әбдіқадыр және Альтаир Ақанов.
Жетістіктердің артында дарынды оқушылармен жұмыс істейтін жетекшілердің де еңбегі зор. Олар – PhD докторы, CDU доценті Самат Мақсұтов және магистр Назарали Айтжанов.
Бұл жеңіс қазақстандық білім мен ғылымның әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі


