KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
501.02 597.27 6.59

Прокуратура ШҚО-дағы кәсіпорынды заңсыз айыппұлдардан құтқарды

depositphotos.com

9.07.2025, 14:00 236 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокмашзавод» АҚ әділдікке еліміздің Бас көлік прокуратурасының араласуымен ғана қол жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, кәсіпорынға заңсыз салынған 4 миллиард теңге көлеміндегі айыппұлдар алынып тасталды. Заңбұзушылықтар «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС тарапынан жіберілген. Енді бұл заңсыз тәжірибе тоқтатылды.

Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Востокмашзавод» АҚ-ға вагондардың тоқтап қалуы үшін миллиардтаған теңге көлемінде айыппұл сала бастаған. Мұндай жүйелі мәселеге прокуратура араласқаннан кейін ғана нүкте қойылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, атап айтқанда, «Темір жол көлігі туралы» ҚР Заңының 49-бабы 2-тармағына сай, вагонның тоқтап қалуына байланысты жауапкершілік жүк жөнелтушілер мен алушыларға, сондай-ақ жол және жылжымалы құрам иелеріне жүктеледі. Ал аталған кезеңде «Востокмашзавод» бұл үдерістің ешбір қатысушысы болмаған.

Соған қарамастан, кәсіпорыннан талап ету жалғасқан. Нәтижесінде заңсыз айыппұлдардың жалпы сомасы 4 миллиард теңгеге жеткен. Мұндай әрекеттер кәсіпорынның инвестициялық тартымдылығына қауіп төндіріп, өндірістік тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін еді.

Осыған байланысты Бас көлік прокуратурасы заңдылықты қалпына келтіру туралы ұсыныс енгізіп, нәтижесінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бұл заңсыз тәжірибені доғаруға міндеттелді. Барлық негізсіз айыппұлдар күшін жойды.

Қадағалаушы орган бұл жағдайды – отандық өндірісті қорғау мен бизнес мүддесін қамтамасыз етудің нақты мысалы деп бағалады. Өйткені «Востокмашзавод» – Шығыс Қазақстандағы ірі өндірістік нысандардың бірі, тау-кен, металлургия және энергетика салаларына арналған жабдықтар шығарады. Ол өңір экономикасы мен еңбек нарығында маңызды рөл атқарады.

Сондықтан да кәсіпорынға көрсетілген заңсыз қысым – тек коммерциялық келіспеушілік емес, тұтас саланың тұрақтылығына төнген қауіп. Бұл ретте прокуратураның уақтылы араласуы әділеттің салтанат құруына себеп болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу