KZ
Өскемен
-5°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Айдарбек Сапаров: Ішкі нарықты етпен толық қамтып, экспортты арттырып келеміз

9.07.2025, 15:00 197 Ержан Әбіш

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі мен Цифрлық даму министрлігінің басшылары мал шаруашылығының дамуы, ветеринарлық бақылауды күшейту және ауыл шаруашылығын цифрландыру жайында баяндама жасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, соңғы жылдары еліміздің мал шаруашылығы тұрақты өсімді көрсетіп келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл өсім 4,2 пайызды құраған. Бүгінде ауыл шаруашылығының жалпы өніміндегі мал шаруашылығының үлесі шамамен 40 пайыз.

– Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрі бойынша мал басының өсімі тіркелді, – деді министр. – Осы жылдың басынан бастап ірі қара мал 23,4 пайызға (9,6 млн бас), ұсақ мал 7,8 пайызға (26,3 млн бас), жылқы 12,2 пайызға (5 млн бас), түйе 8,5 пайызға (321,3 мың бас), ал құс 2,2 пайызға (47,7 млн бас) көбейді.

Министр қазіргі кезде Қазақстан өз ішкі нарығын сиыр және қой етімен толық қамтамасыз етіп отырғанын айтып, экспорт көлемінің де артқанын нақты деректермен дәлелдеді.

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр етінің экспорты 1,4 есе өсіп, 22 мың тоннадан асты, ал қой еті экспорты 2,2 есе өсіп, шамамен 18 мың тоннаны құрады, – деді Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ ведомство басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ветеринариялық қызметті жаңғырту және биологиялық қауіпсіздікті арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Соңғы үш жылда жануарлар ауруларының тіркелу деңгейі 49,1 пайызға, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында өткен жылмен салыстырғанда 56,3 пайызға төмендеген.

Алайда, елімізде орналасқан 2285 ветеринариялық пункттің 1628-і (71%) әлі күнге дейін қажетті ғимараттармен жабдықталмаған. Ал ауылдық елді мекендердегі 206 пункттің 72-сі тіпті өз ғимаратына да ие емес. Министр бұл жағдайды ерекше атап өтіп, қажетті инфрақұрылымсыз алдын алу және диагностикалық шараларды толық жүргізу мүмкін емес екенін ескертті.

Ветеринариялық техникаларға қатысты да мәселелер айтылды. Министрдің мәліметінше, 2024 жылы облыс әкімдіктері 327 бірлік арнайы техника сатып алған (309 жеңіл көлік, 10 жүк көлігі, 5 дезинфекциялық құрылғы, 2 трактор және 1 вакцина сақтауға арналған тоңазытқыш). 2025 жылы 346 техника сатып алу жоспарланған (242 жеңіл көлік, 11 жүк көлігі, 92 дезқондырғы, 1 трактор).

Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы келісім аясында Шығыс Қазақстан облысына жалпы құны 1,5 млн АҚШ долларын құрайтын 99 бірлік зертханалық жабдық жеткізілген. Бұл зертхана қазақстандық өнімді Қытай нарығына кедергісіз экспорттауға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Олжас Бектенов отырыста мал шаруашылығы Қазақстан үшін дәстүрлі әрі стратегиялық маңызды сала екенін атап өтті:

– Мал шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тірек саланың бірі. Қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бұл саланы мемлекеттік қолдау қажет екенін ерекше атап өтті, – деді ол.

Биыл мал шаруашылығын субсидиялау мен жеңілдетілген несиелеуге республикалық бюджеттен 160 млрд теңге бөлінген. Алайда, Үкімет басшысы атап өткендей, бұл саладағы ел ішіндегі әлеует әлі толық пайдаланылып отырған жоқ.

Осыған орай, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне және өңір әкімдеріне агросекторды дамытуға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.

Андрей Дудник

Фото автордікі


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу