ШҚО мен Өзбекстан: жаңа серіктестік көкжиектері
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимовпен екіжақты кездесу өткізді. Басқосу барысында экономикалық және өнеркәсіптік бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы майлы дақылдар мен күнбағыс майын Өзбекстанға жеткізу бойынша алдыңғы орында тұр. Ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікті одан әрі кеңейту аса маңызды.
Кездесу барысында Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік, металлургиялық және туристік әлеуетіне де айрықша назар аударылды. Өзбекстан тарапы өңірдің сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар минералдарын өндіретін кәсіпорындарға қызығушылық танытып, тантал таблеткалары өндірісі аясында өнеркәсіптік кооперация орнатуға дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Өзбекстан тарапы Шығыс Қазақстаннан ферросплавтар мен молибден концентраттарын импорттау мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында энергетика саласында өзара тәжірибе алмасу мәселесі де сөз болды. Өзбекстанда табиғи газ қорларының азаюына байланысты көмірге негізделген химия өндірісін дамыту өзекті болып отыр. Осы орайда, Қазақстанның көмір қорын пайдалану және көмір химиясы саласында тәжірибе бөлісу ұсынылды.
Туризм бағытында да нақты ұсыныстар айтылды. Елші Бахтиер Ибрагимов 1984 жылы алғаш рет іске қосылған халықаралық туристік пойыз жобасын еске алып, оны қайта жандандыру идеясын ортаға салды.
Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымы 4,5 млрд АҚШ долларын құрады. Екі ел басшылығы алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатқа қол жеткізуде Шығыс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тікелей байланыстар мен бірлескен жобалардың рөлі айрықша болмақ.
Фото: Жібек Нұрахмет







