KZ
Өскемен
-1°
снег жел 8 м/с, ОБ
512.81 604.19 6.57

Oskemen Open 2025: Шахмат әлемінің жұлдыздары Өскеменде кездеседі

depositphotos.com

15.07.2025, 16:00 310 Ержан Әбіш

21-29 шілде аралығында Өскемен қаласы халықаралық деңгейдегі маңызды шахмат фестивалі — Oskemen Open 2025 турнирін қабылдайды. Әлемнің үздік гроссмейстерлері, жас дарындар мен қазақстандық шахмат шеберлері Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бас қосады, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ауқымды іс-шараны Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Ашылу рәсімі 21 шілдеде сағат 14:00-де өтеді. Қалған турлар 22-29 шілдеге жоспарланған.

Фестивальдің жалпы жүлде қоры – 100 000 АҚШ доллары. Жарыс үш санат бойынша өтеді: Masters (78 000 доллар), Challengers (15 000 доллар) және Open (7000 доллар). Барлық турнир швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Әр партияға 90 минут және әр жүріске 30 секунд қосылады. Masters турнирі – Қазақстан Кубогының екінші кезеңі болып есептеледі. Онда 20 елден 75 ойыншы қатысады: 20 гроссмейстер, 35 халықаралық шебер және әйелдер арасындағы 2 гроссмейстер. Рейтингі 2500-ден жоғары 18 шахматшының қатысуы турнир деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Фавориттер қатарында: Рихард Раппорт (2715, Венгрия), Богдан-Даньел Дяк (2674, Румыния), Аркадий Найдич (2629, Болгария), Антон Демченко (2610, Словения), Нараянан Сунилдут Лина (2597, Үндістан), Сергей Азаров (2590, FIDE), Алексей Гребнев (2582, FIDE). Раппорт, Найдич және Дяк – 2700 Elo кедергісінен асқан супергроссмейстерлер. FIDE рейтингінде 28-ші орында тұрған Раппорт 2022 жылғы үміткерлер турниріне қатысқан. Ал шілденің 26-сы күні 19 жасқа толатын Гребнев жуырда Dubai Open 2025 турнирінде жеңіске жетті. Турнирдің тағы бір жарқын қатысушысы – 11 жасар Фаустино Оро (2465, Аргентина). Ол – рейтингі 2300-ден асқан ең жас ойыншы (9 жас 6 ай), ең жас халықаралық шебер (10 жас 8 ай 16 күн) және Chess.com сайтында блицтен 3000 рейтингке жеткен шахматшы.

Қазақстан атынан қатысатын спортшылар: Әлішер Сүлейменов (2497), Арыстанбек Оразаев (2490), Алдияр Аңсат (2489), Жандос Ағманов (2483), Азамат Өтеғалиев (2462), Рамазан Жалмаханов (2456). Әйелдер арасындағы жарыс та тартысты өтпек. Қатысушылар қатарында – Батхуягийн Монгонтуул (2356, Моңғолия), Афруза Хамдамова (2326, Өзбекстан), Зарина Нұрғалиева (2336, Қазақстан), Ксения Балабаева (2332, Қазақстан), Меруерт Камалиденова (2323, Қазақстан), Алуа Нұрман (2306, Қазақстан), Әмина Қайырбекова (2273, Қазақстан), Әсел Серікбай (2222, Қазақстан).

Challengers турнирінде жарысушылар тізімін үндістандық IM Аадитья Дхингра (2398) бастап тұр. Сондай-ақ, Наранболд Содбилегт (2363, Моңғолия), Бат-Эрдене Мунгунзул (2337, Моңғолия), Турмунх Мунхзул (2236, Моңғолия), Кирилл Кудеринов (2340, Қазақстан), Константин Казаков (2288, Қазақстан) сияқты тәжірибелі ойыншылар қатысады. Бұл санатта жастар мен тәжірибелі шеберлер 4000 долларлық бас жүлде үшін таласады. Сонымен қатар Challengers және Open турнирлерінде әйелдер мен жергілікті шахматшыларға арналған арнайы жүлделер де қарастырылған.

2025 жылғы Қазақстан Кубогы үш кезең мен финалдан тұрады. Бірінші кезең – Aktobe Open 2025 (Ақтөбе), ол маусым айында аяқталды. Онда GM Алексей Сарана (2686, Сербия) жеңіске жетті. Екінші кезең – Oskemen Open 2025. Үшінші кезең – Almaty Region Open 2025 Қонаев қаласында 4-12 тамыз аралығында өтеді. Финал 9-19 қарашада Алматыда ұйымдастырылады. Оған үш кезеңнен үздік ұпай жинаған алты ойыншы және Қазақстан шахмат федерациясы таңдаған тағы алты спортшы қатысады. Masters турнирінде үздік 20-ға енгендерге ұпайлар беріледі.

Oskemen Open 2025 – әлемдік деңгейдегі гроссмейстерлер, дарынды жастар мен қазақстандық шахмат майталмандарының басын қосатын айтулы шара. Әр жүріс – жаңа сенсацияға айналуы мүмкін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу