Өскеменде тұңғыш рет халықаралық шахмат жарысы өтуде
Облыс орталығында «Oskemen Open-2024» атты халықаралық шахмат турнирі басталды. Шығыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа 15 елдің белгілі гроссмейстерлері қатысуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кіл мықтылар бақ сынайтын турнир KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мұрындық болуымен өтуде.
Тоғыз күнге созылатын жарыс швейцариялық жүйе бойынша өтетінін айту керек. Ұйымдастырушылардың ақпаратынша, жарыс екі турнирден құралады. Мәселен, «Masters» турниріне рейтингі 1 900-ден төмен емес 15 елдің 120-дан астам спортшысы қатысса, «Open» жарысында рейтингісі 2 100-ден аспайтын 74 ойыншы өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетер жайт, халықаралық шахмат турнирінің ашылу салтанаты Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғимаратында ұйымдастырылды, алдағы шахмат бәсекелері де дәл сол жерде өтпек. Ашылу салтанатының құрметті қонақтары болған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов пен облыстық шахмат федерациясының төрағасы, кәсіпкер Ануар Рахимов қатысушыларды турнирдің басталуымен құттықтап, оларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Белгілі болғандай, биылғы «Masters» турниріне 20 гроссмейстер мен 29 халықаралық шебер қатысады. Арасында 2023 жылғы Қазақстан кубогінің иегері Мануэль Петросян мен Арам Акопян (екеуі де – Армениядан), қытайлық Сюй Сянюй мен Бай Цзиньши, ирандық Бардия Данешвар, Үндістан спортшысы С.П.Сетураман мен Өзбекстан құрамасының үздігі, 2022 жылғы Олимпиада чемпионы және 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Жахонгир Вахидов та бар.
«Oskemen Open» турнирі биылғы Қазақстан кубогі үшін жарыстың екінші кезеңі екенін де айту керек. Бірінші кезең – мамыр айының соңында Ақтөбеде өтсе, үшінші кезең ойындары 13-21 қазан аралығында Павлодарда ұйымдастырылмақ. Кубок үшін жарыстың қорытындысы қараша айынның ортасында Алматыда нокаут жүйесі бойынша өтетін финалда белгілі болады.
Нұржан Кенжеұлы