KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 2 м/с, В
509.94 593.88 6.43

Есірткіге қарсы күрес: 4 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды

depositphotos.com

20.07.2025, 15:00 227 Ержан Әбіш

ҚР Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында нашақорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жедел жұмыс күшейтілген. Ағымдағы жылдың алты айында 4000-ға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталған. Олардың ішінде 1800-ге жуығы ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Есірткіні таратушылардан бастап, ірі ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық схемалар әшкереленді.

– Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 21 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде екі трансұлттық қылмыстық топтың жолы кесілді. 11 басшы және 43 белсенді қатысушы ұсталды, – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Заңсыз айналымнан алты тоннадан астам есірткі тәркіленді. Соның ішінде синтетикалық есірткінің көлемі екі есеге артып, 570 келіге жетті. 103 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Есірткі өсімдіктерін өсірудің 218, ал контрабандаға қатысты 63 дерек тіркелді.

Жастар арасында танымал сайттарды қоса алғанда, 17 мыңнан астам наркосайт бұғатталды – бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Сондай-ақ күмәнді операциялар жүргізілген 24 мың банк картасы бұғатталып, 2,4 миллиард теңге қаражаттың жолы кесілді.

Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. 11 мыңнан астам профилактикалық шара өткізіліп, бір миллионнан астам жасөспірім мен жастар қамтылды.

– Қоғам қауіпсіздігі мен келер ұрпақтың болашағын сақтау мақсатында нашақорлыққа қарсы күрес күшейтілген режимде жалғасады, – деп түйіндеді Қуандық Әлжанов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу