ШҚО құтқарушылары өрт сөндіруші кеменің көмегімен жаттығу өткізді
Шығыс Қазақстанда құтқарушылар су көлігінде шыққан өртті сөндіріп, жағаға жайылуына жол бермеді. Бұл – жаттығу кезіндегі сценарий. Алайда жағдайдың күрделілігі шынайы төтенше оқиғаларға өте ұқсас болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кезекті оқу-жаттығу шарасын өткізіп, су көлігіндегі өртті сөндіру бойынша тәжірибе алмасты. Жаттығу барысында «Ледокол-2» деп аталатын арнайы өрт сөндіру кемесінің көмегімен жағадан алыс жердегі жалынды ауыздықтап, өрттің жағаға таралуына жол берілмеді.
Оқу-жаттығудың сценариі бойынша, бір жолаушылар теплоходында өрт шықты. Кемедегі адамдар апат кезінде суға секіріп, олардың кейбіреуі тұншығып қалу қаупіне ұшырады. Осы сәтте құтқарушылар жедел әрекет етіп, суға батып бара жатқан азаматтарды жағаға жеткізді.
Айта кету керек, жаз мезгілінде су айдындарында орын алатын оқиғалар саны артады. Осыған байланысты өңірде құтқарушылардың кәсіби даярлығын арттыруға баса көңіл бөлініп отыр. Жаттығу барысында суда жүзу құралдарын пайдалану, өрт сөндіру техникасын дұрыс қолдану, адам құтқару мен алғашқы көмек көрсету кезеңдері пысықталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл тек мамандардың кәсіби дайындығы үшін ғана емес, сонымен қатар аймақтағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін де маңызды.
Дмитрий Чжан



