«Oskemen Open 2025» шахмат фестивалі өз мәресіне жетті
Шығыс Қазақстан облысында өткен халықааралық турнир апта көлемінде шахмат жанкүйерлерін қызықты партиялар мен жарқын жетістіктермен қуантты. Биылғы жарыс классикалық шахматтан Қазақстан кубогының 2-ші кезеңі мәртебесінде өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фестивальдің ең тартысты бөлігі саналатын «Masters» турнирінде 19 жастағы ресейлік гроссмейстер Алексей Гребнев жеңіске жетті. Ол соңғы турда үндістандық С.Л. Нараянанды 52 жүрісте жеңіп 1-орынға ие болды. Бұл - Гребневтың кезекті ірі табысы. Гроссмейстер бұған дейін 2023 және 2024 жылдары жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанса, сондай-ақ Dubai Open 2025 турнирінің жеңімпазы болды.
Гребневпен бірдей ұпай жинаған венгриялық Рихард Раппорт (FIDE рейтинг: 2715) Бухгольц коэффициенті бойынша екінші орынды иеленді. Үшінші орынға үндістандық С.П. Сетураман көтерілді.
Қазақ шахматшылары да лайықты өнер көрсетті. Денис Махнёв, Даниял Сәпенов және Әлішер Сүлейменов турнирді 6 ұпаймен аяқтап, 6-дан 8-орынға дейінгі қатардан орын алды. Әсіресе Махнёвтің гроссмейстер С.П. Сетураманға қарсы тең нәтижесі назар аударуға тұрарлық.
Жандос Ағманов пен Зейнеп Сұлтанбек те жақсы ойын көрсетті. Зейнеп алғашқы турларда сенімді өнер көрсетіп, WIM (әйелдер арасындағы халықаралық шебер) жүлдесін жеңіп алды және IM нормасын орындады. Әйелдер арасында үздік нәтиже көрсеткені үшін ол $1000 көлемінде сыйақы иеленді.
Жастар арасындағы бәсеке де қызықты өтті. 16 жастағы қазақстандық Константин Корниенко үздік нәтиже көрсетіп, Challengers турнирінің жеңімпазы атанды. Ол соңғы турда Екатерина Смирновамен тең ойнап (17 жүрісте), 7½ ұпай жинады. Соңынан қырғызстандық Элдияр Орозбаев (7 ұпай) және қазақстандық Константин Казаков (6½) келді.
Open санатындағы турнирде жеңімпаз Бухгольц коэффициенті арқылы анықталды. Қарағандылық Нариман Тілешев (1839) 7½ ұпаймен бірінші орынға шықты. Ол жеңісті талдықорғандық Ерназар Исумбаевпен (1813) бөліскенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша алға шықты. Үздік бестікке сонымен қатар Альрами Мұқашев, Азамат Нурдинов және Дмитрий Гейн енді.
Masters турнирінің жалпы жүлде қоры $78 000 болды. 1-орынға – $18 000, 2-орынға – $14 000, 3-орынға – $10 000 қаржы тігілсе, 15-орынға дейінгі қатысушылар да ақшалай сыйақымен марапатталды. Challengers турнирінің жүлде қоры – $15 000, ал Open санатында – $5000.
Айта кету керек, «Oskemen Open 2025» – Қазақстан Кубогының 2-ші кезеңі. Биыл 3 кезеңдік турнир мен финал жоспарланған. 1-кезең: Aktobe Open 2025 (22–30 маусым), 2-кезең: Oskemen Open 2025 (21–29 шілде), 3-кезең: Almaty Region Open – Qonaev Cup 2025 (4–12 тамыз), финал: Kazakhstan Chess Cup – Final (9–19 қараша, Алматы).
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Руслан Акматалиев















