Елімізде қылмыс азайды, бірақ интернет-алаяқтық әлі де өршіп тұр
depositphotos.com
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов 2025 жылдың жеті айындағы жұмыс қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, прокуратура органдары «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында қылмыс деңгейін төмендетуге қол жеткізген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2024 жылы елімізде 82 573 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 76 512-ге дейін азайған. Қоғамдық орындар мен көшелердегі құқықтық тәртіп те жақсарған.
Дегенмен интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысы әлі де өзекті болып отыр. Алаяқтыққа қарсы күресте 61 кибертоп әшкереленіп, 217 «дроппер» ұсталды. Интернет арқылы есірткі сататын 88 мың аккаунт бұғатталған.
Әлеуметтік салада прокурорлардың араласуымен 2 миллионнан астам азаматтың құқығы қорғалды. Сондай-ақ 529 жетім пәтерге ие болды. Мемлекетке қайтарылған 354 млрд теңге шалғай өңірлердегі 400-ден астам әлеуметтік нысан құрылысына бағытталды.