KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

ШҚО спорт басқармасы сот арқылы миллиардтаған қаражатты бюджетке қайтаруда

9.10.2025, 16:30 231

«Altainews» медиа-орталығының редакциясына белгілі болғандай, Шығыс Қазақстан облысының соттары спорт басқармасының бірқатар ісіне адал емес қызмет жеткізушілерге қатысты миллиардтаған теңге өндіру туралы талап-арыздарын қанағаттандырды.

Сот материалдарына сәйкес, «Electronic Sport» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерімен және олимпиадалық резерв мекемелерімен нақты өткізілмеген іс-шаралар мен қызметтерге көпмиллиондық келісімшарттар жасаған.
Ал «Алтай-Атлет» спорттық-кәсіби клубы ойын спорт түрлері бойынша қызмет көрсетуге міндеттелгенімен, жұмыстар тек қағаз жүзінде орындалған.

Сот спорт басқармасы мен оған қарасты спорт ұйымдарының аталған компанияларға қарсы талап-арыздарын қолдап, оларды миллиардтаған қаражатты толық көлемде қайтаруға міндеттеді.

«Мен бағдарлама әкімшісі әрі уәкілетті органның басшысы ретінде бұл қаражатты қайтаруды талап еттім. Алайда кейбір ұйымдар тиісті құжаттарды ұсына да алмады. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіндік, олар азаматтық тәртіпте сотқа арыздануды ұсынды. Бүгінде 11 талап-арыз берілді. Жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден астам қаражатты өндіру көзделген. Тек өткен аптада ғана 1 миллиард 970 миллион теңге өз күшіне енген сот шешімімен бюджетке қайтарылды», — деді ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.

Қазіргі уақытта спорт басқармасының жалпы бюджеті 15 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 5 миллиарды жоғары жетістіктер спортымен айналысатын клубтарды қолдауға және дамытуға бағытталған.

Асқар Можановтың айтуынша, бюджет қаражатының ашықтығын арттыру, тәртіп орнату және жауапкершілікті күшейту бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу