KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

«Риддердің берекелі ризығы»: Өскеменде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

11.10.2025, 12:30 156 Айдос Мырзахметов

Өскемен бүгін ерекше думанға толды. Риддер өңірінің ең дәмді, ең сапалы өнімдері «Altay» көтерме-тарату орталығы алаңында ұйымдастырылған жәрмеңке сөрелеріне жайғасты. «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясындағы Риддер қаласының мәдени күндері облыс орталығына сән мен шаттық сыйласа, бүгін сол мерекенің жалғасы ретінде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті, — деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қала тұрғындары мен қонақтары таң сәріден жәрмеңке алаңына ағылды. Мұнда ауыл иісі, табиғи өнім дәмі, еңбек адамдарының маңдай тері мен риддерліктердің кең пейілі сезіледі.

– Қаламыздың шаруа қожалықтары өз өнімдерін әкеліп, сөрелерге қойып жатыр. Тек сауда емес, спорт пен мәдениетті де қоса ала келдік. Арқан тарту, гір көтеру, аударыспақ сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылып жатыр. Гір көтеруден қыздар арасындағы сайыс та өткізілетінін айта кеткіміз келеді. Қала демеушілері жеңімпаздарға сый-сияпаттарын әзірледі, – дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев.

Жәрмеңке сөрелерінде табиғи әрі экологиялық таза өнімдер көздің жауын алады. Риддер шаруалары облыс орталығына брендтік бал өнімдерін, 6 тонна жылқы, 6 тонна ірі қара, қой мен тауық етін, сондай-ақ 10 тонна картоп пен көкөніс өнімдерін жеткізген.

Өскемен тұрғындары үшін бұл күн тек сауда мен көңіл көтеру емес, еңбек пен дәстүр тоғысқан мерекеге айналды. Жәрмеңке Өскемен мен Риддер арасындағы рухани және экономикалық байланысты нығайтып, Шығыс Қазақстанның шынайы бірлігін тағы бір мәрте асқақтатты.




Айдос Мырзахметов,

Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу