KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

«Шығыс Салбурыны – 2025»: Дәстүрдің дәнекері, рухтың жаңғырығы

11.10.2025, 13:30 213

Бүгін Кенді Алтайда «Шығыс Салбурыны – 2025» бүркітшілер фестивалінің үшінші – шешуші күні. 40 киіз үй бой көтеріп, қазақ халқының ежелгі салты мен дәстүрі, әдет-ғұрпы алыс-жақын шет мемлекеттерден келген және өзге өңірлерден ат басын бұрған барша жиналған қауымға паш етіліп, ұлттың рухани құндылықтары айшықталып көрсетілді, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әр аудан өздері тіккен ақ боз үйлердің алдында өз өлкелеріндегі тұрмыс-тіршіліктің ерекшеліктеріне қарай ғасырлар бойы сақталып келген салт-дәстүрлерді паш етіп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Тарбағатай ауданы бесікке салу рәсімін көрсетіп, қазақ ұғымындағы ананың аялы алақаны мен отбасы құндылығын дәріптеді. Ал Алтай ауданы жаушы жіберу салтын көрерменге ұсынды – бұл көрініс қазақтың құда түсудегі ежелгі дипломатиясын айқын көрсетті.
Күршім ауданы болса, отқа май құю дәстүрін сахналап, оттың киесін, шаңырақтың жылуы мен берекесін насихаттады. Катонқарағай ауданы бастаңғы дәстүрін көрсетіп, қазақ жастарының бірлік пен татулыққа негізделген салтын әсерлі жеткізді.

Самар ауданы құда күту көрінісі арқылы қазақы қонақжайлық пен салттың сәнін ашты.
Шемонаиха ауданы ұйқыашар дәстүрін ұсынса, Марқакөл өңірі құйрық-бауыр асату рәсімін сахналап, туыстық татулықты дәріптеді.
Зайсан ауданы тұсаукесер дәстүрін паш етіп, баланың өмір жолындағы алғашқы қадамын символикалық түрде көрсетті.

Ұлан ауданы балаға ат қою рәсімін сахна төріне шығарып, қазақтың ырым-тыйым мен сенімге толы мәдениетін көрерменге жеткізді.

Әр ауданның көрінісі өзіндік ерекшелігімен дараланып, көрерменге ұлттың терең тамырлы мәдениетін тағы бір мәрте еске салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шығыс Салбурыны – 2025» шарасы ұмыт бола бастаған дәстүрлерді жаңғыртып, жас ұрпаққа ұлттық сана мен рухани тәрбие беруді мақсат етеді.

Бұл күн – Шығыс Қазақстан жұртшылығы үшін тек мәдени шара ғана емес, ұлттың болмысын ұлықтайтын үлкен мереке болды.

«Шығыс Салбурыны – 2025» — халқымыздың өткенін ұлықтап, болашаққа рухты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған мереке ретінде есте қалды.


Жайна Сыранова

Махаббат Ахметжанова 

Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу