«Жасыл аллея» акциясы: Өскеменде жүз шетен жидегінің көшеті отырғызылды
Өскемен қаласында еріктілер республикалық экологиялық «Жасыл аллея» акциясы аясында 100 шетен жидегінің көшетін отырғызып, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры маңындағы аумақты жасыл желекке бөледі, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Қазақстан қалаларын көгалдандыру және көріктендіру – «Жасыл аллея» акциясын ұйымдастырушылардың басты мақсаты. Бүгінде бұл экологиялық бастама Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Көкшетау, Жезқазған сияқты қалаларда жүзеге асырылды. Енді олардың қатарына Өскемен де қосылды.
Жалпы «Жасыл аллея» жобасы еліміздің 12 қаласын қамтиды. Бастама аясында орта есеппен 1200 ағаш отырғызу жоспарланған.
Көшет отырғызуға қатысқан еріктілердің арасында скандинавиялық жүріс жанкүйерлері де болды. Солардың бірі – Валентина Листьева табиғатты ерекше құрметтейтінін айтып, осындай игі шараға қуана қатысқанын жеткізді.
Еске сала кетсек, «Жасыл аллея» акциясының мақсаты – еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосу, тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыру, аумақтарды көгалдандыруға, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жасауға және ауаның сапасын жақсартуға ықпал ету болып табылады.
Дмитрий Чжан
Видео: Жалғас Сақадиев
Фото: Данияр Сағидолдин















