Еңбек қауіпсіздігі сақталмаған: жеті басшы қызметінен кетті
Шығыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 89 адам өндірісте жарақат алды. Жүргізілген арнайы тергеу-тексеру жұмыстарының нәтижесінде 146 адам тәртіптік жазаға тартылды, 7 басшы жұмыстан босатылып, 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілік арқалады. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстың Бас еңбек инспекторының мәліметіне сүйенсек, зардап шеккендердің тоғызы қаза тапқан, елу бір адам ауыр жарақат алып, жиырма тоғыз адам жеңіл жарақатпен шектелген. Ең көп жарақат бюджеттік ұйымдар мен тау-кен металлургия кәсіпорындарында тіркеліп отыр. Салалар бойынша жіктесек:
- Ауыл шаруашылығында – 23 адам;
- Коммуналдық шаруашылықта – 8 адам;
- Құрылыс кәсіпорындарында – 6 адам;
- Көлік және автомеханика саласында – 5 адам зардап шеккен.
«Жазатайым оқиғалардың себептерін сараласақ, 34%-ы жұмыс барысының дұрыс ұйымдастырылмауы, 33%-ы қызметкерлердің өз қауіпсіздігін елемеуінен, 12%-ы автокөлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу және 11%-ы еңбек қауіпсіздігі нормаларын сақтамаудан болған», - дейді Бақытбек Қизатов.
Департамент басшысы барлық жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Соның нәтижесінде 146 адам тәртіптік жазаға тартылса, 7 басшы жұмыстан босатылып, 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіштер еңбек қауіпсіздігіне салғырт қарау енді елеусіз қалмайтынын көрсетеді.
Бақытбек Қизатов атап өткендей, облыста өндірістегі еңбек қауіпсіздігін күшейту үшін үшжақты комиссия жұмыс істеп отыр. Комиссия қызметі «Қауіпсіз еңбек» тұжырымдамасы мен оның жол картасы аясында жүзеге асуда.
Бүгінгі таңда облыста 1332 техникалық инспектор мен 715 өндірістік кеңес белсенді жұмыс істейді. Ал 23 кәсіпорын өздерінің еңбек қауіпсіздігі жүйесін тәртіптік қатынастар шеңберінде жаңартқан.
Айна Бакимбаева
Жібек Нұрахмет

