Шығыста жылу жүйелері орталықтандырылуда: «Шығыс Жылу» өңірлік операторға айналуда
Шығыс Қазақстанда жылыту жүйесін орталықтандыру және тиімді басқару бағыты күшейіп келеді. Биылдан бастап өңірдің бірнеше ауданындағы қазандықтар мен жылу желілері «Шығыс Жылу» акционерлік қоғамының балансына беріліп, бірыңғай оператордың бақылауына өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл шешім аймақтық мәслихаттың кезекті сессиясында талқыланды. Мамандардың айтуынша, ірілендіру жылу жүйелерінің тиімділігін арттырып, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, биыл 1 қазаннан бері облыста жылыту маусымы ресми түрде басталды. Маусымға дайындық жұмыстары аясында 33 орталықтандырылған және 190 автономды қазандық, 4 270 шақырым су құбыры мен 1 187 шақырым кәріз желісі жөнделді. Сондай-ақ 21 мың шақырымнан астам электр желісі жаңартылды.
Тұрғын үй қорының 3 083 көпқабатты үйі және 837 әлеуметтік нысан қосылды.
Жөндеу жұмыстарына барлығы 50,1 млрд теңге бағытталды.
Оның ішінде:
- 8,1 млрд – жылу желілерін жаңғыртуға,
- 29,6 млрд – жылу көздерін жөндеуге,
- 9,2 млрд – электр желілерін жаңартуға,
- 3,2 млрд – көмір субсидиясына жұмсалды.
Барлық коммуналдық кәсіпорындарда жедел бригадалар құрылып, техника мен материалдар қоры жасақталған. Инженерлік желілерде туындауы мүмкін ақауларға арналған іс-қимыл алгоритмдері бекітілген. Биыл жөндеу жұмыстары Алтайдағы №1 және №3 қазандықтар, Серебрянск пен Жаңа Бұқтырмадағы, Қасым Қайсенов ауылындағы қазандықтар жаңартылып, Күршімде – 428 млн теңгеге жылу желілері қайта құрылды. Ең ауқымды жұмыс Риддерде жүргізілді. Мұнда жылу электр орталығын және желілерді жөндеуге 6,4 млрд теңге жұмсалды.
Орталықтандырылған басқару жүйесіне көшу өңірлік энергетика саласында жаңа кезеңнің бастауы саналады. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам инфрақұрылымдық тұрақтылықты арттырып, алдағы жылдары тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады.
Айдос Мырзахметов
Махаббат Ахметжанова