Сапалы кадр – сапалы өмір: Шығыста бизнес пен білім серіктестігі жаңа деңгейге шықты
Шығыс Қазақстан облысында жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Сапалы кадр даярлау – бизнес пен білім берудің басты міндеті» атты республикалық форум өтті. Іс-шара ШҚО әкімдігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Форумның негізгі мақсаты – мамандарды қазіргі заман талаптарына және жұмыс берушілердің сұранысына сай сапалы даярлаудың тиімді жолдарын талқылау, білім беру мен өндіріс арасындағы серіктестікті нығайту.
Жиынға «Talap» КЕАҚ өкілдері, ШҚО кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындары өкілдері мен колледж директорлары, педагогтер және жұмыс берушілер қатысты. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген делегаттар да өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форумға әлеуметтік серіктестер ретінде «Казцинк», Үлбі металлургиялық зауыты, «Гидросталь», «Өскемен жылу желілері» және басқа да кәсіпорындар белсене қатысты.
ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өз сөзінде өңір колледждерінің жұмыс берушілермен орнатқан әріптестігін жоғары бағалап, кәсіби білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.
«Talap» КЕАҚ әлеуметтік әріптестік басқармасының басшысы Нұрлан Жанайдаров техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде бизнестің белсенді рөлі туралы баяндама жасап, дуальды оқытуды дамыту мен өндірістік тәжірибе алаңдарын кеңейтудің маңызын атап өтті.
Ал ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек өңір колледждерінің жұмыс берушілермен тиімді өзара іс-қимыл моделін таныстырды. Бұл модель кәсіпорындардың оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысуын, студенттерді тәжірибеден өткізу мен жұмысқа орналастыруды қамтиды.
Форум барысында кәсіби шеберліктің үздік тәжірибелерін тарату, дуальды оқыту, инклюзивті білім беру, цифрландыру, инновациялық тәсілдер мен түлектерді еңбек нарығына бейімдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер өндіріс пен білім саласындағы өзара тиімді әріптестікті дамытудың нақты тетіктерін ұсынды.
Іс-шара аясында педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған өңіраралық шеберлік байқаулары басталды. 19 құзыреттілік бойынша өтетін байқауларға 120-дан астам колледж оқытушылары қатысуда.
Шығыста өткен форум бизнес пен білім берудің өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеріп, ел экономикасы үшін сапалы кадр даярлауға серпін берді. Білім мен өндірістің күш біріктіруі – еңбек нарығының тұрақтылығы мен қоғамның дамуының кепілі.






