Бір ұшқын – бір маусымдық еңбекті жояды
depositphotos.com
Күз – даладағы еңбек қызған, халықтың қыс қамына кірісетін уақыт. Шөп шабылып, мал азығы дайындалып, астық қырманға жиналуда. Осындай берекелі шақта бір ғана бейқамдық үлкен шығынға ұрындыруы мүмкін. Өйткені дәл осы маусымда шөптің жануынан болатын өрттер жиілеп, талай еңбектің зая кетуіне себеп болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл сайын облыстың қала және аудан тұрғындары шөп өртінің салдарымен бетпе-бет келеді. Бір маусым бойы тер төгіп, жинаған мал азығы бірнеше минуттың ішінде отқа оранып, күлге айналады. Биыл Шығыс Қазақстан облысында қауіпті кезең басталғалы 625 тонна шөп жанып кеткен.
Мамандардың айтуынша, мұндай өрттердің негізгі себебі – отты абайсыз пайдалану және қасақана өрт қою. Кейде темекі тұқылы немесе абайсыз жағылған от бір мезетте тұтануға жеткілікті. Ал кейде балалардың ойыннан шыққан ұшқын бүкіл ауыл шаруашылығына зиян келтіреді.
Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов тұрғындарды ерекше сақ болуға шақырды:
Төтенше жағдайлар департаменті мамандары шөпті өрттен сақтау үшін қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді ұстануға кеңес береді:
- шөп жинақталған аумақ жанғыш қоқыстардан толық тазартылуы тиіс;
- электр желілеріне дейінгі ең аз қашықтық – 15 метр, жолдарға дейін – 20 метрден кем емес, ғимараттар мен құрылыстарға дейін – кемінде 50 метр;
- тұрғын үйлерге жақын сарайлардың төбесіне шөп жинауға қатаң тыйым салынады;
- шөп үйінділері орналасқан алаңдар мен үйінділер жұптары ені кемінде 4 метр жыртылған жолақпен қоршалуы тиіс;
- әр шаруа қожалығы мен тұрғын үй маңында өрт сөндіру құралдары (су, күрек, балта, киіз) дайын болуы қажет.
Сондай-ақ, ТЖД өкілдері ауылдық жерлерде шөп сақтау орындары мен қоймалардың айналасын жергілікті ерікті өрт сөндіру құрылымдарымен бірлесе тексеруді жалғастырып жатыр.
Өрттің салдары тек материалдық шығынмен шектелмейді. Жану кезінде ауаға тарайтын түтін мен зиянды заттар экологиялық жағдайды нашарлатады, ал мал азығының жетіспеушілігі ауыл шаруашылығына айтарлықтай соққы әкеледі.
Сондықтан әр тұрғын, әр шаруа, әр ата-ана бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бір сәттік бейқамдық – бір жылдық еңбектің, кейде тіпті бүкіл қыстың азығының зая кетуіне себеп болуы мүмкін.
Өрт қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Бір ұшқыннан басталған жалынның арты өкінішке айналмасын.