KZ
Өскемен
-1°
снегопад жел 9 м/с, Ю
512.81 604.19 6.57

Әлеуметтік қорғау – әділ қоғамның өзегі

23.10.2025, 10:45 160 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстанда әлеуметтік қамқорлық жүйесі жаңарып, тұрғындарға бағытталған жаңа реформалар жүзеге асуда. Қоғамның әділдігі мен мемлекеттің мейірімін айқындайтын басты өлшемдердің бірі – халықты әлеуметтік қорғау жүйесі. Бұл салада еңбек ететін мамандардың күнделікті жұмысы – жай ғана қызмет емес, ол – жан жылуын бөлісу, тағдыр сынын көрген жандарға үміт сыйлау, ал қоғамның әлсіз тобына сенім ұялату миссиясы. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстанда саланың бүгінгі ахуалы мен басты бағыттары талқыланып, аймақтың әлеуметтік саясатына жаңа серпін беретін бастамалар таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Әлеуметтік тұрақтылық – мемлекеттің берік тірегі

Шығыс Қазақстан облысының халқы бүгінде 720 615 адамды құрайды. Оның ішінде 141,5 мың зейнеткер мен 28,2 мың мүгедектігі бар адам бар. Экономикалық белсенді тұрғындар саны – 381,3 мың адам, оның ішінде 363,9 мыңы жұмыспен қамтылған. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, жастар арасында – 3,3%, әйелдер арасында – 4,8%.

Бұл деректер аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақтылығын көрсетеді. Алайда басты назар әрдайым — өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға, қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға аударылады.

«Қазіргі таңда өңірде 51 ұйым халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында қызмет көрсетуде. Онда 3 242 маман еңбек етуде. Бұл – тек сандар ғана емес, бұл – мыңдаған тағдырға араша болып жүрген әлеуметтік жүйенің алғы шебіндегі адамдар», - дейді ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсел Түлепова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әлеуметтік кодекс – жаңа тәсіл, жаңа көзқарас

2025 жылдан бастап елімізде Әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік саясаттың жаңа форматы енгізілуде. Оның басты мақсаты – атаулы көмек көрсету тиімділігін арттыру, әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру және саланың ашықтығын қамтамасыз ету.

Осы мақсатта биыл әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Енді әр маман теориялық, практикалық және әңгімелесу кезеңінен өтеді. Бұл кәсіби деңгей мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нақты қадам.

Шығыс Қазақстан бойынша 714 әлеуметтік қызметкердің ішінен 214 маман аттестаттаудан сәтті өтіп, біліктілік сертификатына ие болды. Бұл – әлеуметтік жұмыстың қоғамдағы беделін арттырып, оны толыққанды кәсіби сала ретінде танудың маңызды кезеңі.

Жан басына шаққан қаржыландыру – әділдіктің негізі

2025 жылғы ең маңызды реформалардың бірі – жан басына шаққан қаржыландыру жүйесінің енгізілуі. Бұл тәсіл әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, қаражаттың тиімді және әділ бөлінуіне мүмкіндік береді.

«Осы мақсатта облыста ұйымдарды автоматтандыру және лицензиялау жұмыстары қарқын алды. Әрбір арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйым енді лицензия негізінде жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде өңірде отыз алты мекеме осы жүйе бойынша қызмет көрсетуде. Оның жиырма жетісі мемлекеттік, тоғызы үкіметтік емес ұйымдар», - деп атап өтті Әсел Түлепова.

Қамқорлық орталығы – адам тағдырының тірегі

Облыс бойынша қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсететін 10 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Бұл ұйымдар 2014 адамға қызмет көрсетеді, бюджеті 9 миллиард теңгеден асады.

Олардың ішінде:

  • Қарттар мен 1,2 топтағы мүгедектерге арналған 6 мекеме – Зевакин, Самара, Серебрянск, Тарбағатай, Өскемен, Первомай. Бұл орындарда 667 қызмет алушы қамтылған, кезек жоқ, қаржыландыру көлемі – 3 млрд теңгеден асады;
  • Психоневрологиялық аурулары бар ересектерге арналған 3 мекемеде 1081 орын бар, онда 69 адам кезекте тұр. Қаржыландыру сомасы – 4 млрд теңгеден астам;
  • Ал Өскемендегі балаларға арналған оңалту орталығында 143 бала тұрақты күтім алады, кезекте тағы 42 бала бар. Қаржыландыру көлемі – 604 млн теңге.

Бұл көрсеткіштер әрбір азаматтың өміріне құрметпен қараудың, әлеуметтік әділдіктің нақты мысалы.

Сауықтыру мен оңалту: жаңа мүмкіндіктер

Шығыс Қазақстанда азаматтардың денсаулығын нығайту және оңалту жұмыстары да жаңа қарқын алуда.

«Биыл ведомстволық бағыныстағы «Уба» шипажайында 3 866 адам сауықтыру шараларымен қамтылды. Оның ішінде 3 488 зейнеткер, 225 мүгедектігі бар адам және 153 Ұлы Отан соғысына теңестірілген тұлға бар. Қазіргі таңда 19 мыңнан астам адам осы бағыттағы кезекте тұр», - дейді ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсел Түлепова.

Сонымен қатар, Грехово ауылындағы оңалту орталығы биыл 788 адамға қызмет көрсетті. Олардың жартысы – мүмкіндігі шектеулі жандар, қалғаны – зейнеткерлік жастағы тұрғындар.

Үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік – жаңа серпін

Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігі әлеуметтік қамқорлық жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Биыл 6 үкіметтік емес ұйыммен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 248 млн теңге көлемінде келісім жасалды. Бұл ұйымдар 383 адамға арнаулы қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде жартылай стационар жағдайында – 194 адам, үйде қызмет алушылар – 189 адам.

Бұл тізімде «Ғажайыптар елі», «Мархабат KZ», «Дәрмен», «Зайсан ДОИ», «Антарес А», «Сенің Менің Біздікі» секілді қоғамға пайда әкеліп жүрген ұйымдар бар.

Мүгедектігі бар адамдар – назарда

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда 28 244 мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 3 615 бала. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 14-орында.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуды, қоғамға бейімдеуді және инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру – басты міндеттердің бірі. Биыл осы мақсаттарға 4 млрд теңге бөлінді. Жыл сайын 13-14 мың өтініш техникалық құралдар мен әлеуметтік қызметтер арқылы қанағаттандырылады», - деді басқарма өкілі.

Белсенді ұзақ өмір – аға буынға жаңа серпін

Наурыз айында Өскемен қаласында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, қысқа мерзімде ардагерлердің сүйікті орнына айналды. Мұнда 575 зейнеткер 19 үйірме мен секцияда белсенді қатысып, би, қолөнер, йога, фитнес және шығармашылық бағыттарда өз әлеуетін жүзеге асыруда.

Бұл – зейнеткерлерге тек бос уақытты емес, жаңа өмірлік қуат пен қоғамға қажет екендігін сезінудің мүмкіндігін беретін ерекше бастама.

Қамқор қоғам – тұрақтылық кепілі

Шығыс Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі бүгінде адамға бағытталған саясаттың үлгісі. Мұндағы әрбір жоба, әрбір бастама – нақты адамға көмек көрсетуге, оның өмір сапасын жақсартуға арналған.

«Әлеуметтік қорғау – бұл мемлекеттің саясаты ғана емес, бұл – әділ, тұрақты және адамгершілік қоғамның негізі», – деген сөз осы саланың мәнін айқын бейнелейді.

Мейірім мен жауапкершілікке сүйенген әлеуметтік саясат – аймақтың тұрақтылығы мен азаматтардың сенімінің басты кепілі болып қала береді.



Айгүл Базарова

Фото: Данияр Сағидолдин 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу