KZ
Өскемен
-15°
небольшой снег жел 8 м/с, СБ
517.66 606.49 6.44

Кафе мен мейрамханаларда депозит талап ету қаншалықты заңды?

depositphotos.com

23.10.2025, 12:00 184 Базарова Айгүл

Соңғы жылдары еліміздің ірі қалаларында, соның ішінде Өскеменде де, көптеген қоғамдық тамақтану орындары өздерінде «депозит» жүйесін енгізіп келеді. Мейрамхана немесе кафе әкімшілігі үстел брондау кезінде келушіден алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ал тұтынушылар арасында бұл талаптың заңдылығына қатысты сұрақ жиі туындайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Депозит дегеніміз не және ол қалай қолданылады?

Депозит – бұл мекеме әкімшілігі белгілейтін, тұтынушы келу алдында немесе орын брондау кезінде төленетін алдын ала жарна. Келуші сол сомаға тең немесе одан қымбат тапсырыс бере алады. Егер тапсырыс сомасы депозиттен аз болса, айырмасы клиентке қайтарылуы тиіс.

Әдетте, мұндай тәжірибе мерейтой, корпоратив, туған күн сияқты іс-шаралар алдында орын кепілдігін сақтау үшін қолданылады. Дегенмен, кейбір мекемелер депозит төлемеген клиентке қызмет көрсетуден бас тартады — ал бұл заң тұрғысынан дұрыс емес.

Тұтынушы құқығы және заң нормалары

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 28-бабының 1-тармағына сәйкес, сатушы немесе қызмет көрсетуші тұлға тұтынушыға өзіне ыңғайлы уақытта сапалы қызметті еркін таңдауға мүмкіндік беруге міндетті. Сондай-ақ, тұтынушыны оған қажет емес тауар немесе қызмет түрін сатып алуға мәжбүрлеуге болмайды.

Бұл нормаға сүйенсек, тұтынушыны депозит төлеуге міндеттеу — таңдау еркіндігін шектеу болып табылады.

Ал Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 387-бабында көрсетілгендей, қоғамдық тамақтану орындары жария шарттар негізінде жұмыс істейді. Бұл дегеніміз, егер мейрамхана қызмет көрсетуге қабілетті болса, тұтынушыға бас тартуға құқығы жоқ.

Яғни, орын бос бола тұра, клиент депозит төлемегені үшін қызмет көрсетуден бас тарту — заңсыз әрекет.

Депозит қай жағдайда заңды болуы мүмкін?

Мекеме мен тұтынушы арасында өзара келісім болған жағдайда депозит заңды сипатқа ие. Мысалы, егер клиент белгілі бір іс-шара өткізу үшін зал брондап, келісімшартта алдын ала төлем қарастырылса, бұл азаматтық-құқықтық келісімге жатады. Бірақ тұтынушыға депозит төлеу талабы түсіндіріліп, ол өз еркімен келіскен жағдайда ғана мұндай төлем заңды саналады.

Мекеме әкімшілігі өз ережесін бекіте алады, бірақ ол ереже тұтынушының құқықтарынан жоғары болмауы тиіс.

Артық төлем немесе қайтарылмаған қаражат мәселесі

Кейде тұтынушылар депозиттің бір бөлігін пайдаланып, қалған сома шотта қалып қояды. Мұндай жағдайда мекеме қалған қаражатты толық көлемде қайтаруға міндетті.

Егер қалған ақша қайтарылмаса, тұтынушы алдымен мекемеге жазбаша шағым (претензия) жолдауы қажет. Шағымда төлем сомасы, күні және төлем тәсілі (чек, түбіртек) көрсетілуі керек.

Мекеме тарапынан жауап болмаған жағдайда, келесі қадам — Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне немесе облыстық департаментке жүгіну. Бұл мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің тұтынушы алдындағы міндеттемелерін тексеруге және шара қолдануға құқылы.

Кафе мен мейрамханаларда депозит талап ету заңмен тыйым салынбаған, бірақ ол тұтынушының еркімен және келісімімен ғана жүзеге асуы тиіс. Мекеме бос орын бола тұра, депозит төлемегені үшін клиентті қабылдамайтын болса — бұл тұтынушы құқығын бұзу болып есептеледі.

Ал егер депозит сомасының бір бөлігі қайтарылмаса, тұтынушы ақшасын талап етуге және өз құқығын қорғау органдарына жүгінуге толықтай құқылы.

Мұндай даулардың алдын алу үшін тұтынушыларға төлем түбіртегін сақтау, ал кәсіпкерлерге шарт талаптарын нақты түсіндіру ұсынылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу