«Ауыл аманаты»: Ұлан ауданында жаңа туристік нысан бой көтеруде
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, кәсіпкерлікті өркендетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп келеді. Осы игі бастама аясында Ұлан ауданының Тоғанас ауылында жаңа туристік демалыс аймағы салынуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаға қатысушы, жергілікті кәсіпкер Меруерт Бауыржанқызының айтуынша, бүгінде демалыс үйлерінің құрылысы аяқталуға жақын. Барлық жұмыс жоспарға сай жүргізілуде.
Жаңа демалыс орны табиғаты көркем, саф ауасы мен жасыл желегі жарасқан өңірде орналасқан. Мұнда демалушылар үшін барынша жайлы жағдайлар қарастырылған:
– жайлы қонақ үйлер мен жылыжай үлгісіндегі демалыс коттедждері;
– балаларға арналған ойын және спорт алаңдары;
– отбасылық демалыс аймақтары;
– табиғи таза өнімдерден дайындалған тағамдар ұсынатын асхана мен жазғы демалыс шатырлары.
Демалыс орны тек жазда ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де қонақтарға есігін айқара ашпақ. Қыста атпен серуендеу мен табиғат аясында белсенді демалыс ұйымдастырылса, көктем мен күзде экотуризм бағытындағы танымдық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Бұл бастама ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, ауыл экономикасын дамытуға да серпін береді.
Жаңа туристік нысанның ашылуы Тоғанас ауылының дамуына тың серпін беріп, өңірдің ішкі туризм әлеуетін арттыруға айрықша үлес қосатыны сөзсіз.







