«Ауыл аманаты» жобасы: Ұлан ауданында сүт өнімдерін өңдеу цехы ашылды
«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін сәтті бастаған кәсіпкерлердің бірі Ұлан ауданының Тоғанас ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Меруерт Токунтаева. Ол жоба арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, 9 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алған қаражатқа сүт өнімдерін өңдейтін шағын цех ашып, бүгінде ауыл тұрғындарына табиғи әрі сапалы өнім ұсынып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, оның өндірісінде күн сайын айран, құрт, май, ірімшік, қақталған шұжықтар сияқты дәстүрлі тағамдар дайындалады.
Табиғи таза өнімге деген сұраныс жоғары. Меруерт өз өнімдерін «Үй дәмі» атауымен қала дүкендерінде және жәрмеңкелерде сатады. Бұл бренд – ауылдың еңбегі мен қазақтың дәстүрлі дәмін насихаттайтын айрықша атау болып отыр.
Ол өз кәсібін дамытып қана қоймай, ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. Осылай ауылдағы әлеуметтік белсенділікті арттыруға және жергілікті экономиканы дамытуға зор үлес қосуда. «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға және ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бастама. Меруерт Токунтаеваның жетістігі – осы жобаның нақты нәтижесінің көрінісі.




