KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 3 м/с, В
502.57 591.68 6.42

Катонқарағайлық кәсіпкер «Ауыл Аманаты» арқылы ауыл туризмін дамытып отыр

27.05.2025, 09:30 359 Гульжан Мусина

Ауыл туризмін дамыту – ел экономикасының жаңа тынысы. Әсіресе табиғаты әсем, экотуризмге бейім өңірлерде бұл бағыттың әлеуеті зор. Шығыс Қазақстан – сондай бірегей аймақтың бірі. Қазіргі таңда облыстың шалғай ауылдарында да туризмді дамытуға бағытталған бастамалар іске аса бастады. Соның жарқын мысалы – Катонқарағай ауданында бой көтеріп жатқан жаңа демалыс орны, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Бұл жобаның авторы – ауыл тұрғыны Тұнғат Игманов. Кәсіпкер «AMANAT» партиясының «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы туған жерінде өз кәсібін бастауға мүмкіндік алған.

– «Ауыл Аманаты» – менің арманымның жүзеге асуының бастауы болды. Осы бағдарлама арқылы 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен 9,2 миллион теңге көлемінде несие алып, туған өлкемде кәсіп бастауға шешім қабылдадым. Қазір шағын демалыс үйінің негізгі құрылысы аяқталып, алғашқы қонақтарды 25 мамыр күні қабылдауға дайындалып жатырмыз, – дейді Тұнғат Игманов.

Катонқарағайдың көркем табиғаты аясында орналасқан демалыс үйі – отандық және шетелдік туристерге арнап әзірленген ерекше жоба. Бұл жерде:

  • Жайлы әрі заманауи жабдықталған бөлмелер,
  • Жылыту жүйесімен қамтылған монша,
  • Қажетті жиһаздар мен тұрмыстық техника,
  • Табиғи тыныштық пен саф ауа бар.

Сонымен қатар, демалушылар үшін бірқатар пайдалы әрі ұлттық сипаттағы қызметтер де ұсынылады. Олардың ішінде - таулы табиғат аясында атпен серуендеу, емдік шөп буымен дене тазартатын фитобөшке, кәсіби терапевтен массажы, табиғи өсімдіктер арқылы ем, бу мен шөп қоспасы қосылған монша рәсімі де қарастырылған.

Демалыс орны аумағында ұлттық нақыштағы киіз үй де тігіледі. Мұнда қымыз ұсынылады, дәстүрлі ұлттық тағамдар әзірленеді, қонақтар қазақтың салт-дәстүрімен танысып, шынайы ауыл өмірін сезіне алады.

– Катонқарағайдың сұлу табиғатын елге кеңінен танытқым келеді. Қонақтар демалып қана қоймай, қазақтың дәстүрі мен тағамдарынан ләззат алып, ауыл туризмінің әлеуетін сезінуі тиіс. Бұл – менің бала кезгі арманым еді. Қазір оны жүзеге асырып жатырмын. Ауылда отырып-ақ кәсіп ашуға, туған жердің дамуына үлес қосуға болады, – дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, «Ауыл Аманаты» – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, табысын көбейтуге және ауылда тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған кешенді бағдарлама. Шығыс Қазақстанда бұл бастама арқылы кәсіп ашуға ниеттілердің қатары артып келеді. Бағдарлама шеңберінде тұрғындарға 2,5%-бен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Мұндай қолдаудың арқасында ауылдық кәсіп иелері өз идеяларын іске асырып, туған өлкесінің өркендеуіне үлес қосуда.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі ақпараты негізінде

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу