KZ
Өскемен
-17°
небольшая облачность жел 2 м/с, В
510.18 601.91 6.51

Зайсан технология колледжі – 80 жыл: еңбек пен білімнің мерейлі мерекесі

25.10.2025, 18:30 295 Базарова Айгүл

Республика күні қарсаңында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Зайсан ауданының технология колледжі 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Тарихында мыңдаған түлек түлеткен, өңірдің өндірістік және әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан бұл оқу орны бүгінде кәсіби білім берудің алдыңғы сапында, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерейтойға облыстың түкпір-түкпірінен келген колледж директорлары, әлеуметтік серіктестер мен еңбек ардагерлері қатысты. Қонақтар оқу ордасының тарихына арналған көрмемен және «А.Кемелбаев атындағы атаулы кабинетпен» танысты. Мұнда колледждің қалыптасу кезеңдері мен еңбек жолы ұрпаққа үлгі ардагер ұстаздардың өмірбаяны қамтылған.

Салтанат аясында колледж базасында «Кәсіби дағды орталығы» ашылды. ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек оқу орнының өңір еңбек нарығына қажет мамандар даярлаудағы рөлін атап өтіп:

«Жаңа орталықта жастар өз кәсіби дағдыларын заман талабына сай жетілдіріп, еңбекке ерте бейімделеді», – деді.

Кәсіптік оқыту шебері А. Жапышева шәкірттерімен бірге шеберлік сабағын өткізіп, студенттердің кәсіби шеберлігін көрсетті. Қонақтар оқу орнының техникалық базасымен, жылыжай кешенімен танысып, студенттердің қолданбалы тәжірибесін жоғары бағалады.

Мерейтой шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорларының көшпелі кеңесі өтті. Кеңес барысында Зайсан технология колледжінің тәжірибесі мен жетістіктері талқыланып, Қытай Халық Республикасының оқу орындарымен бірлескен серіктестік жобалар таныстырылды. Шетелдік серіктестер бейнеқұттықтау жолдап, жылы лебіздерін білдірді.

Кеңес соңында Алима Ақылбек ШҚО Білім басқармасы атынан колледж ұжымына арнайы құттықтау адресаттарын тапсырып, интерактивті панель сыйлады.

Шара барысында колледж қызметкерлері, ардагер ұстаздар мен әлеуметтік серіктестер облыс және аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Ермек Қорабаев, аудандық мәслихат төрағасы Ерлан Зағыпаров, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы төрағасы Болат Балғабаев және кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қайрат Абдығалиев құттықтау сөз сөйлеп, естелік сыйлықтар табыстады.

Мерейтой қарсаңында жаңадан жабдықталған асхананың ашылуы да колледж ұжымына ерекше тарту болды.

Колледждің құрметті ардагері М.Қабылов ұстаздар қауымына ризашылығын білдіріп, жастарға табыс тіледі. Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, студенттер мен музыка мектебінің шәкірттері әсем ән мен биден шашу шашты.

Кеш соңында колледж директоры Е.Сейлханов ұжым мен қонақтарға алғыс айтып, 80 жылдыққа арналған арнайы төсбелгілерді табыс етті.


Айдос Мырзахметов 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу