KZ
Өскемен
-14°
небольшой снег жел 3 м/с, В
513.55 602.09 6.42

Қазақстандық ауыл мұғалімдері Жапонияда өтетін халықаралық конференцияға қатысады

28.10.2025, 13:30 242 Базарова Айгүл

Алғаш рет Қазақстанның ауылдық тірек мектептерінің мұғалімдері 10–12 қараша күндері Жапонияның Хиросима қаласында өтетін World Association of Lesson Studies (WALS-2025) халықаралық конференциясына қатысады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Елімізден бұл ауқымды жиынға Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы ауыл мектептерінің 14 мұғалімі барады. Олар өздерінің мектептерінде Lesson Study тәсілін енгізу мен дамыту тәжірибесі туралы зерттеу жұмыстарын ұсынбақ.

Бұл мүмкіндікке педагогтер «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының жүйелі әдістемелік қолдауы арқасында қол жеткізді. Аталған орталық Қазақстан атынан Lesson Study зерттеуінің дүниежүзілік қауымдастығында өкілдік етеді.

Халықаралық конференция Lesson Study әдісін тәжірибеде қолданатын әлемнің түкпір-түкпірінен келген педагогтер мен зерттеушілерді біріктіреді. Бұл – оқу үдерісін бірлесе талдау мен жетілдіру арқылы жүзеге асатын кәсіби дамудың тиімді тетігі.

WALS 2025 барысында NIS Педагогикалық шеберлік орталығының командасы ауыл мектептерінде Lesson Study тәсілін енгізу және дамыту бойынша жүргізген 10-нан астам зерттеу нәтижесін таныстырады.

NIS Педагогикалық шеберлік орталығы Lesson Study тәсілін қазақстандық мектептер тәжірибесіне жүйелі түрде енгізіп келеді.

Орталық зерттеулер жүргізіп, жыл сайын мұғалімдерді, зерттеушілерді және білім беру ұйымдарының басшыларын біріктіретін өңірлік және ұлттық конференциялар ұйымдастырады. Бұл кәсіби алаңдар тәжірибе алмасуға, зерттеу сабақтарын талқылауға және оқытуды жетілдірудің тиімді жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.

Айта кетсек, биылғы конференция бағдарламасына қазақстандық педагогтердің 249 баяндамасы енгізілген. Бұл көрсеткіш – қатысушы елдер арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірі. Өткен жылы Қазақстаннан 225 баяндама ұсынылған болатын. Бұл еліміздің педагог-зерттеушілерінің кәсіби және ғылыми әлеуетінің қарқынды өсіп келе жатқанын дәлелдейді.

Қазақстанның конференцияға белсенді қатысуы еліміздің әлемдік педагогикалық қауымдастықтағы беделін арттыра түседі. Бүгінде Lesson Study тәсілін енгізу ауқымы бойынша Қазақстан Жапониядан кейінгі екінші орында тұр. Жапонияда пайда болған бұл әдіс бүгінде жаһандық білім беру кеңістігінде кеңінен мойындалған.

Еске сала кетейік, өткен жылы WALS конференциясы алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылған еді. Оны NIS Педагогикалық шеберлік орталығы өткізіп, шараға 30 елден келген 500-ден астам педагог пен сарапшы қатысқан болатын.


Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу