KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
518.57 566.59 6.05

Қаладағы орталықтан ауыл мектебіне – кәсіби даму көпірі

4.04.2025, 13:30 211 Рағызбаева Ақерке

Республикалық қалалар, облыс орталықтары оқу-ағарту ісінің инновациялары мен жаңалықтарынан қалыс қалмайды. Тіпті, елдер арасындағы бәсекелестікте Қазақстан білімі өз мінберінен түспейтін кезеңдер көп. Халықаралық олимпиадалар, хакатондар мен сайыстарда білікті оқушыларымыз дамыған елдердің балаларын басып озатын сәттердің талай куәсі болдық.

Бірақ ауыл-аймақ мектептері бұл көшке ілесіп келе ме? Ұстазынан татқан білімін талғажау етер ауыл оқушыларына таудай талап қоймас бұрын, «бұлақ көзін ашар» мұғалмінің өзіне тоқталған абзал. Осы сұрақтың жауабын тауып, өркениеттің «соңғы технологиялы» ілімін ауылға арқалап, «алысты жақын еткен» бірден бір орталық – Педагогикалық шеберлік орталығы. Мұндағы мамандардың міндеті ұстаздардың кәсіби өсуін, оқушылардың сапалы білім алуын және ауыл мектептерінің дамуын қамтамасыз ету.

Орталықта барлығы түбегейлі және тиянақты ойластырылған. Ауыл мұғалімдерінің басын біріктіріп, соңғы жаңалықтар мен трендтермен таныстырып, жаңашыл амал-әдістерді үйретуді қолға алған. Бұдан бөлек, шалғайға маман болып аттанған жас ұстаздарды шабыттандырып, қызметтің қызығы мен шыжығын жағымды әсерге бөлеп, оқушылармен заманауи тілде қарым қатынас орнатуға бейімдейді.   

Осы орталықтың басында Өскемен қалалық Назарбаев Зияткерлік мектебін ашып, бірнеше жылдар бойы дәрежесін республика бойынша бірінші орынға жетелеген, ұстаздықты жұмыс емес, абыройлы міндет ретінде санайтын білікті маман Гүлфарида Раисова тұр.

Ауыл ұстаздарына қолдау көрсетіп, білімі мен біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік беріп отырған «Педагогикалық шеберлік орталығы» туралы сұхбатымызды ұсынамыз.

– Педагогикалық шеберлік орталығының мақсаты қандай?

Ең алдымен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Өскемен қалалық филиалы ШҚО мұғалімдеріне кәсіби табыстың барлық құпияларын ашатын мекеме.

Бұл жер тек мектеп емес, мектеп алды даярлық мекемелері ұстаздары (мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар), колледждер (кәсіптік білім беру мекемелері-ТиППО), жоғары оқу орны (Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Университетінің педагог мамандарын даярлайтын факультеттерінің) педагогтарын кәсіби дамытуда флагман болып табылады.

Мұғалім алдында шынайы өмір мен виртуалды өмір арасында шекарасы жоқ балалар отыр. Оларға не үйрете аласың, кәсіби деңгейің қандай, «өзің білмеген ілімді үйрете аласың ба» аксиомасы тұрғандықтан, мұғалімдерге кәсіби өсу маңызды. Үш жылда бір рет курстан өткен мұғалімдер бүгінгі баланың сұранысын қанағаттандырмасы анық. Кәсіби біліктілікті дамыту курстарын жалғастырушы семианар мен вебинарлар, форумдар мен конференцияларда, шеберлік сыныптары мен жаңалықтар алаңында біздің тренерлер тобы әлемдегі білім беру жүйесіндегі жаңалықтар мен үлгілі табыстарға жеткізетін дағдылар мен әдіс-тәсілдерді үйретеді. Меңгерген іс-тәжірибелерін үздік кәсіби әдебиеттермен толықтырып, өз сабағында пайдаланады. Мұғалім цифрлық дағдылары, жасанды интеллектті қолдану дағдылары, пән бойынша цифрлық ресурстарды өзі құрап, оқушыны қызықты және мазмұнды біліммен баурау арқылы кәсіби шыңды бағындырады.

Орталық қызметі жайлы қандай мысал келтіре аласыз?  

Риддер қаласындағы № 16 орта мектеп ұстаздарының кәсіби сұранысын анкета арқылы зерделеп, тәжірибеге бағытталған тақырыптық семинарлер мен курстар, және вебинарлар контентін әзірлеп, жүргіздік. Енді біздің тренерлер 1 жыл көлемінде осы мектеп мұғалімдерін курстан кейінгі қолдау аясында сүйемелдейді. Яғни, бұл әр мұғалімнің курстан кейінгі іс-әрекетінің мазмұнын жақсарту үшін де, сапасын басқару үшін қолдау болады.

 Сондықтан да біздің тренерлерді мұғалімдердің мұғалімі деп атайды. Мектеп басшыларының, директор мен әкімшіліктің өз мектеп ұжымында тұрақты түрде оқыту мәдениетін қалыптастыруы және оны дамытуы өте маңызды.

 

– Ауыл мектептері басты назарда болса, қалада жүріп, ауылдағы ұстазды үйретуді қалай ұйымдастырасыздар?

Ауылдық жерде тірек болатын жетекші мектептер құру жөніндегі жобаны "Қазақстан Халқына" қорымен және білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп НЗМ іске асыруда.

Катонқарағай ауданы Өрел орта мектебі, Катонқарағай ауылы С.Ластаев атындағы орта мектеп, Үлкен-Нарын ауданы Үлкен-Нарын орта мектебі, Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі Р.Марсеков атындағы орта мектеп, Марқакөл ауданы Марқакөл ауылындағы №1орта мектеп, Зайсан ауданы М.Әуезов атындағы орта мектеп, Самар ауданы Ж.Болғанбаев атындағы орта мектеп, Алтай қаласы №9 орта мектеп, Күршім ауданы №4 Н.Островский атындағы орта мектеп, Ұлан ауданы Бозанбай атындағы орта мектеп, Шемонаиха ауданы Ахмет Байтұрсынов атындағы №5 мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, Тарбағатай ауданы Абай атындағы орта мектеп, Риддер қаласы №16 орта мектептер біздің кәсіби өсу ресурстық орталығымыз болып отыр. Әр аудандағы тірек-жетекші білім ордаларына таяу маңдағы 3-5 серіктес мектептері бекітілгендіктен тірек-жетекші мектептер барлық іс-әрекеттерін бірге жоспарлап, жұмыстарды каскадтық модельде бірлесе атқарады. Мұнда олар Lesson Study педагогикалық тәсілі аясында сабақтағы іс-әрекетті зерттейді. Шетелдік әріптестердің айтуынша, әлемде Жапониядан кейін Lesson Study тәсілін мұғалімдердің тәжірибесіне енгізу ауқымы жағынан Қазақстан екінші орында тұр. Тәсілдің ұтымдылығы қандай және жыл өткен сайын бұл процеске неге көптеген мұғалімдер қатысады дейтін болсақ, мұғалім үшін мұнда қаржылық шығын жоқ және кәсіби дағдыны тұрақты дамытады. Өзі қатарлас әріптестер тобымен сабақты бірге жоспарлап, іс-әрекетті бірлесе бақылайды, бақылау нәтижесі және кері байланыс арқылы бір-біріне сабақ үйретіп,  келесі сабағын сәтті жоспарлайды. Бұл, тәжірибені жақсартады. Биыл ШҚО WALS конференциясына ұсынған 56 абстрактілердің 19-ы аудандардағы ауыл мектептерінен болды. 26-29 қыркүйекте Астана қаласында өткен WALS 2024 халықаралық конференциясында Күршім ауданы Ю.А.Гагарин атындағы №1 мектеп директоры Мәжібаев Ерболаттың қолдауымен «Серіктес мектептердің зерттеушілік мәдениетін қалыптастырудағы жетекші мектептің рөлі» зерттеу іс-тежірибесі, Зайсан ауданы мектеп директоры Сапарғалиева Бақытгүл Қизатқызының, Самар ауданындағы Ж.Болғанбаев атындағы мектеп директоры Сарбасова Гүлнұр Сейтқазықызының қолдауымен мектеп командалары зерттеулерімен бөлісті. НЗМ зерттеулеріне сәйкес, тірек мектептердегі білім беру сапасының өсу қарқыны 4 сынып оқушылары арасында 13,8 пайызды және 8 сынып оқушылары арасында 5,8 пайызды құрады.

 Биыл мемлекет басшысы тапсырмасын орындау барысында Педагогикалық шеберлік орталығы білім беру ұйымдары басшыларының Республикалық кадрлық резервін даярлау бағдарламасы іске асырылды. Қазақстан Республикасының оқу-ағарту минстрлігінің Республикалық кадр резервінен курс аяқтаған 7 адам ШҚО мектеп директорлары болып тағайындалды, ал 2024 жылы кадрлық резерв курсын аяқтаған 17 адам мектеп басшылығына тағайындалу кезегін күтуде.

– Қайта даярлау жобасы жайлы айтып өтсеңіз...

 Педагогикалық шеберлік орталығында қайта даярлау жобасы жұмысын бастады. Шын мәнінде, бұл жоғары білімі бар, бірақ педагогикалық білімі жоқ адамдар үшін мамандық алуды Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетімен бірлесіп жүзеге асырады. Жоба мұғалімдер тапшылығы мәселесін шешуге арналған. Ол үшін педагог боламын деген жоғары білімі бар маманның жоғары оқу орны бітіргені туралы құжатындағы пәндер бойынша таңдау жүргізіліп, қай пән мұғалімі болатыны шешіледі. Таңдау алдымен мамандықтар классификаторы бойынша анықталып, кейін жазбаша емтихандар мен сұхбаттар арқылы қабылданады. Оқу үрдісі 3 + 2 форматта жүргізіледі, яғни, аптасына үш күн біздің тренерлер мен университет оқытушылары дәріс оқиды, ал аптаның қалған екі күнінде мектепке барып, мұғалім-тәлімгерлерден сабақ алады, практикадан өтеді. Осы жоба бойынша біздің педагогикалық шеберлік орталығының филиалы ағылшын тілі мамандығы, бастауыш сынып мұғалімі және педагог-ассисент мамандықтары бойынша кадрларды даярлауда және педагогикалық білімі жоқ, бірақ педагог боламын деген жоғары білімі бар азаматтарды осы жобаға қатысуға шақырамыз.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу