Жас мұғалімдерді қолдау: ШҚО-дағы тың бастамалар

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамыту бағытында жас мамандарға арналған бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Өскемен қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы Шығыс Қазақстан облысының ауыл және қала мектептеріндегі жас ұстаздарға қолдау көрсету үшін "Феникс" мұғалімдер клубын құрды. Бұл бастама, ең алдымен, жастардың кәсіби дамуына, шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндама жобасын іске асыру шеңберінде, 2022-2026 жылдарға арналған «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» және «Қазақстанның POWERED BY NIS ауылдық мектептері» қайырымдылық жобасын іске асыру аясында Өскемен қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығымен Шығыс Қазақстанның білім беру жүйесінде ауылдағы және қаладағы жас мамандарды қолдауға бағытталған ерекше бастамалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалардың арасында кәсібилікті дамыту мен шығармашылық шеберлікті шыңдауға мүмкіндік беретін «Феникс» жас мұғалімдер клубының орны ерекше. Жас мамандар клубы Өскемен қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының ұсынысымен және Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасына қарасты «Шығыс» аймақтық орталығының қолдауымен құрылды.
Сонымен қатар ұйымның міндетіне әр ауданда орналасқан тірек мектептері базасында аудан жас ұстаздарының орталығын және педагогикалық қауымдастық құру арқылы ауыл-қала ұстаздардың арасында байланыс орнатып, білім беру тәжірибелерін бөлісуге ықпал ету кіреді.
Мұндай кездесулер жас ұстаздардың педагогикалық біліктілігін шыңдап қана қоймай, оларға жаңа технологияларды игеруге және заманауи білім беру әдістерін қолдануға көмектеседі. Соның алғашқысы жас мамандар арасында ұйымдастырылған педагогикалық хакатон – жаңашылдыққа толы іс-шара. Бұл шара барысында барлық пән мұғалімдері бірлесіп, педагогикалық мәселелерді шешу жолдарын қарастырады.
Сонымен қатар 2022 жылдан бастап «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында жыл сайын республикалық және облыстық деңгейде жас мұғалімдер форумы өткізіліп келеді. Бұл форумдар жас ұстаздарға өз тәжірибелерін ортаға салып, үздік білім беру әдістерін меңгеруге зор мүмкіндік береді.
Орталық мамандары алдағы уақытта инклюзивті білім беру, оқу процесін цифрландыру және заманауи әдістерді меңгеруге бағытталған шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Сабақ зерттеу» (Lesson Study) және «Іс-әрекеттегі зерттеу» (Action Research) әдістемелері бойынша тәжірибелік семинарлар өткізу де көзделген. Бұл бастамалар жас педагогтарға өздерінің кәсіби деңгейін жаңа биіктерге көтеруге мүмкіндік береді.
Жас ұстаздар – бұл тек ұйым емес, бұл жаңа педагогикалық көзқарастардың, үздік идеялардың тоғысқан алаңы. Клубтың әрбір мүшесі өз кәсіби жолында тек білім беруші ғана емес, білім алушы да болып, үздіксіз даму жолында алға ұмтылады. Мұндай бастамалар ШҚО білім беру сапасын арттыруға және жас мұғалімдердің өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік берері сөзсіз.