Тарбағатайда жаңа су қоймасын салу мәселесі талқыланды
Тарбағатай ауданында өңірдің су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы маңызды бастамалар қолға алынып отыр. Қазіргі таңда Қандысу су қоймасы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл – аймақтың су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратын ірі нысандардың бірі. Бұдан бөлек Мысық су қоймасын салу жоспары талқылануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан аумағындағы ең ірі нысандардың бірі – «Қандысу» су қоймасы. Оның толық су жинау сыйымдылығы – 43,7 млн текше метр, бекітілген егістік жер көлемі – 7 мың гектар. Алайда қазір қойма апатты жағдайда болғандықтан, су жинау толық тоқтатылған.
Қазіргі уақытта ескірген суару арналарына қатысты жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, аудандық магистральдық каналдардың техникалық құжаттамасы мен жерге құқық белгілейтін актілері әзірленуде. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 26,5 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде Қандысу су қоймасынан бастау алатын тоғамдарға – 9,1 млн теңге, Орта Ласты және Шет Ласты өзендерінен бастау алатын тоғамдарға – 17,3 млн теңге. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен жөндеу және реконструкциялау жүргізілмек.
Бұдан бөлек аудандағы Мысық су қоймасын салу бойынша жобалау және жоспарлау мәселелері қаралды. Жиынға “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы міндетін атқарушы Дәулет Жанысов пен “Ертіс бассейндік инспекциясының” басшысы Медет Жәдігерұлы арнайы келіп, жергілікті мамандармен бірге жобаның техникалық және әлеуметтік маңыздылығын талқылады.
Егер жоба жүзеге асса, Жетіарал, Құйған, Қарасу және Жамбыл ауылдық округтерінің аумағындағы 5 мың гектардан астам жер егістік сумен қамтамасыз етіледі. Қойманың жобалық сыйымдылығы шамамен 20–25 миллион текше метр суды құрайды деп жоспарлануда. Бұл – ауданның суармалы егіншілігін жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жоба болмақ.
Мысық су қоймасының салынуы – Тарбағатайдың тіршілігіне тың серпін беріп, ауыл шаруашылығының жаңа кезеңін бастауға жол ашады. Бұл жоба – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалана отырып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған маңызды қадам.