KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Тарбағатай ауданында суармалы егіншілікті дамытуға кедергі болып отырған мәселелер шешімін табуда

depositphotos.com

20.10.2025, 09:00 515 Базарова Айгүл

Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығының дамуына әсер ететін негізгі мәселелердің бірі – су тапшылығы. «Қандысу» су қоймасының апаттық жағдайы егістік көлемін азайтып, шаруалардың өнім алу мүмкіндігін шектеп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауданның басты су көзі саналатын «Қандысу» су қоймасы толық су жинау сыйымдылығы 43,7 миллион текше метрді құрайды. Оның негізінде 7000 гектар суармалы жерді игеру жоспарланған болатын. Алайда қойманың апатты жағдайына байланысты су жинау тоқтатылып, биыл тек 2000–2500 гектар егістік алқап қана игерілді.

Қазіргі уақытта қойманы қайта жаңғырту (реконструкциялау) жобасы жоспарланып отыр. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда аудан көлемінде суармалы егіншілік қайта жанданып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі айтарлықтай артады деп күтілуде.

«Қазіргі таңда аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан су тапшылығын шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. «Қандысу» су қоймасына реконструкция жасалса, ауданның егіншілік әлеуеті артып, шаруалардың еңбегі нәтижелі болады», – дейді Тарбағатай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұқатов.

Сонымен қатар, ауданда жауын-шашын мөлшерінің аздығы да егіншілік мүмкіндігін шектейді. Дегенмен, жергілікті агроөнеркәсіптік құрылымдар су үнемдеуші технологияларды енгізу арқылы мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеді.

Мәселен, «Тарбағатай Агро» агроөнеркәсіп кешені жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыруда. 600 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесі орнатылып, жылына 3600 тоннаға дейін шөп өнімі өндірілмек. Бұл – мал шаруашылығына тұрақты жем-шөп қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, «Қызылбұлақ» кооперативі 150 гектар жерге үш жаңбырлатып суару қондырғысын және 40 гектарға тамшылатып суару әдісін енгізуде. Ал «ALUA CORPORATION» және «Қайқы» кооперативтері де жаңбырлатып суару құрылғыларын орнатып, егістік алқаптарды тиімді игеріп отыр.

Жалпы, бұл жобалар ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу