KZ
Өскемен
пасмурно жел 3 м/с, З
505.53 593.44 6.34

Шығыс Қазақстанда қар көшкінін ерте ескерту жүйесі енгізілмек

30.10.2025, 16:30 171 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында қар көшкініне мониторинг жүргізу және ерте ескерту жүйесін құру жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ таулы аймақтардағы автомобиль жолдары мен инфрақұрылым нысандарын табиғи қауіп-қатерден қорғау. Жоба толыққанды іске асқан жағдайда табиғи құбылыстарды ерте болжауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін кешенді жүйе қалыптасады, деп хабарлайды Altainews.kz.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті және «Қазселденқорғау» РММ филиалы өкілдері қатысқан жұмыс кездесуінде пилоттық жобаның аралық қорытындысы шығарылды. Кездесу барысында тараптар сынақтардың нәтижелерін талқылап, атқарылып жатқан жұмыстардың ағымдағы барысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар нақты уақыт режимінде ахуалдық орталықтың жұмыс істеу үлгісі көрсетіліп, қар көшкіні қаупін бағалау мен алдын алу тетіктері таныстырылды.

«Жобаны енгізу қар көшкінін ерте ескерту арқылы халықтың және таулы аймақтардағы инфрақұрылымның қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметтерінің іс-қимылын үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов.

Оның айтуынша, жүйе толық іске қосылғаннан кейін өңірдің табиғи қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай жоғарылайды.

Пилоттық жоба 2023 жылы басталып, қазіргі уақытта өңірдің қар көшкіні қаупі жоғары учаскелерінде сынақтан өткізілуде. Атап айтқанда, аспалы датчиктері бар заманауи діңгектер Глубокое ауданының Таулы Үлбі аумағында, Алтай ауданындағы Зубовск кентінің маңында және Тайынты учаскесінде (96 км) орнатылған. Бұл құрылғылар жауын-шашын мөлшерін, топырақтың ылғалдылығы мен құрамын, сондай-ақ ауаның орташа температурасын үздіксіз тіркеп отырады. Алынған деректер автоматты түрде ахуалдық орталыққа жіберіліп, бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы талданады. Осы талдау негізінде жүйе қар көшкіні жүруі мүмкін уақытты болжап, қауіптілік деңгейін анықтайды.

2024–2025 жылдардағы қысқы маусымда жүргізілген сынақ қорытындылары бойынша Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі жобаны тәжірибелік пайдалануға қабылдады. Сарапшылар жүйенің тиімділігін жоғары бағалап, оны төтенше жағдайлар мониторингінің өңірлік бағдарламасы шеңберінде одан әрі кеңейту туралы ұсыныс білдірді. Алдағы уақытта осындай бақылау және ескерту жүйелерін өңірдің басқа да қауіпті аймақтарында орнату жоспарланып отыр.

Жобаны толық ауқымда іске асыру табиғи қауіп-қатерлерді алдын ала ескерту мен ден қоюдың бірыңғай жүйесін қалыптастырып, төтенше жағдайлар қызметтерінің жұмысын оңтайландыруға жол ашады. Сонымен қатар бұл бастама өңірдің экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосады.

Шығыс Қазақстанның күрделі таулы бедері мен қатал климаттық жағдайларын ескере отырып, қар көшкіндерін дер кезінде болжау – өңір үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Жоба жүзеге асқанда тек төтенше жағдайлар қызметтерінің ғана емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігі артады. Пилоттық жоба нәтижелері алдағы уақытта республика деңгейінде де қолданылып, табиғи апаттардың алдын алудың тиімді тетігіне айналуы мүмкін.




Фото: ШҚО ТЖД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу