Шығыстың жазғы туризм нысандарына 110 рейд жүргізіліп, 148 құқықбұзушылық анықталды
Жазғы туристік маусым кезінде Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлік субъектілерінің салық заңнамасын сақтауын бақылауға бағытталған кең ауқымды тексерулер жүргізілді. Жүргізілген 110 рейдтің нәтижесінде 148 құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қабыш Сайранқан бұл тексерулердің негізгі мақсаты көлеңкелі экономиканы азайту және салық мәдениетін арттыру екенін атап өтті.
Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6,3 млн теңге болды. Сондай-ақ сот шешімімен 125 850 теңге тұратын темекі өнімдері мен 947 630 теңге көлеміндегі алкоголь өнімдері тәркіленді.
Мысал ретінде Катонқарағай және Самар аудандарында тіркелген фактілер келтірілді. Кей кәсіпкерлер жазғы үйді жалға беру қызметін тіркеусіз жүргізген, бақылау-кассалық машинаны және төлем қабылдау құрылғысын қолданбаған.
Оның айтуынша, туризм саласы өңір экономикасының маңызды бөлігі болып табылады, сондықтан салық органдары бұл бағытта түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.