KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да туристік базалар мен демалыс орындары тексерілді

Фото: uwm.edu.pl

6.08.2024, 12:08 176 Айжанат Бақытқызы

Шығыс Қазақстандағы демалыс аймақтары мен туристік базаларда онлайн бақылау-кассалық аппараттарды пайдалану кезінде орын алуы мүмкін бұзушылықтарға рейдтік тексерулер жалғасуда. ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш БАҚ өкілдерін тексеру нәтижелерімен таныстырды, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.

Ескертуге қарамастан заңбұзушылықтар анықталды

ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті өкілінің айтуынша, биыл облыста бюджетке қосымша резервтерді анықтау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік кірістер департаменті облыс прокуратурасымен бірлесе отырып, жер-жерлерде көшпелі семинарлар ұйымдастырып, туризм саласының кәсіпкерлік субъектілерімен ақпараттық-профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

-Бірінші жартыжылдықта құқық қорғау және уәкілетті органдардың қатысуымен туризм нысандарына салық салу мәселелерін түсіндіру бойынша бірқатар көшпелі семинарлар өткізілді», - деді Сайранқан Қабыш. – Біз Бұқтырма су қоймасы, Сібе көлдері мен Дұбығалы көлі жағалауында, сондай-ақ Ұлан ауданындағы Төменгі және Жоғарғы Тайынты ауылдарының маңында орналасқан су қоймаларының жағалауында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездестік. Мұндай семинарларға барлығы 1082 кәсіпкер қатысты.

       Түсіндіру жұмыстары аяқталған соң ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері оқиға орнында тексеру жұмыстарын бастады. Сайранқан Қабыштың айтуынша, бүгінде Бұқтырма су қоймасы, Сібе көлдері мен Дұбығалы көлдерінің жағалауында жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасында салық заңнамасының сақталуына бағытталған үш рейдтік тексерулер тіркелген.

-Семинарлар барысында жеке кәсіпкер ретінде қашан және қалай тіркелуге болатындығы жайлы да айтылып, онлайн бақылау-кассалық машиналарын міндетті түрде қолдануға ерекше көңіл бөлінді, - деді Сайранқан Қабыш. – Егжей-тегжейлі түсіндіруге қарамастан, қызметтік тексерулер кезінде салық заңнамасын, бақылау-кассалық заң тәртібін бұзу, сондай-ақ акцизделетін өнімдерді рұқсатсыз сату сияқты заңбұзушылықтар анықталды.

Мысалы, Алтай ауданы жағындағы Бұқтырма су қоймасының жағасында жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шыққан кәсіпкер әйел туристік маусымның қызған шағында іс жүзінде жұмысын жалғастыра берген.

Тексеру барысында ШҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері барлық туындаған салдарымен тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактілерін анықтады. Атап айтқанда, бір жеке кәсіпкерлік жабылды, жаңасы тіркелмеді, яғни бақылау-кассалық машинасы да дерекқорда жоқ. Тиісінше, пайдадан бюджетке салық түспейді.

Самар ауданы жағындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында да мемлекеттік органдарда тіркеусіз жұмыс істеп тұрған туристік нысанда дәл осындай заңбұзушылық анықталды.

-Мұндай заң бұзушылықтар үшін біз ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 463-бабы бойынша әкімшілік материалдар жинаймыз, - деп түсіндірді Сайранқан Қабыш. – Бұл кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеусіз іс-әрекеттер жасау, нәтижесінде материалдар сот органдарына қарауға жіберіледі.

                     Тексеру критерийлері қандай?

Департамент өкілінің  айтуынша, тексерулер нәтижесінде алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға лицензиясы жоқ және тауарға ілеспе шот-фактурасыз қызмет еткен 13 кәсіпкер  анықталды. Тексерілген туристік аумақтардың барлығында дерлік тәртіп бұзушылар анықталды. Бұл ретте заңсыз сатылған 9,8 млн теңгенің алкогольдік өнімдері тәркіленді.

-Тексеру барысында екі салық төлеушіде міндетті бақылау-кассалық аппараттың жоқ екендігін анықтадық, - деді ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары.– Аталған заң бұзушылықтар бойынша ҚР Әкімшілік құққыбұзушылық туралы Кодекстің 284-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік материалдар жинақталды. Алғаш рет заң бұзушылар ескертумен құтылды, бірақ әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта анықталса, 15-тен 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 55 380 теңгеден 184 600 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Салық заңнамасының басқа да бұзушылықтары анықталды. Мәселен, тексерушілер төрт кәсіпкерде төлем карточкалары арқылы есеп айырысуға арналған арнайы құрылғылардың жоқ екендігін анықтады.

Әрбір факті бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 195-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мұндай заңбұзушылық алғаш рет жасалғандықтан, бұл жолы кәсіпкерлерге жай ғана ескерту берілді. Бұзушылықты қайталап жасаса, оларға 40-тан 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 147 680 теңгеден 295 360 теңгеге дейін айыппұл салынады.

Сайранқан Қабыш атап өткендей, кассалық чектегі деректердің уақыты мен күнінен бастап штрих-кодқа дейінгі сәйкестігі де маңызды. Сонымен қатар, онлайн бақылау-кассалық машинасының чектері сатып алушының өтініші бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде шығарылуы мүмкін. Чектегі деректерді жаңғырту және жаңарту мәселесі бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі бақылау-касса машиналарына техникалық қызмет көрсету орталықтарына немесе фискалдық деректер операторларының байланыс орталықтарына хабарласуға кеңес берді.

-Егер біз бақылау-кассалық машиналарды пайдалану жиілігінің төмендігін байқасақ, бұл жоспардан тыс тексеріс тағайындауға себептердің бірі болатындығын ерекше атап өткен жөн, - деді Сайранқан Қабыш. – Табыстың төмендеу белгілері байқалса, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілердің қызметіне хронометраждық тексеру жүргізу туралы хабарлама жібереді. Бұл олардың нақты кірістері мен шығыстарын анықтау үшін жасалады.

Сондықтан ірі айыппұл арқаламас үшін ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары кәсіпкерлерге салық заңнамасының барлық талаптарын мұқият сақтауды және заң аясында жұмыс істеуді ұсынды.

 

                                                                          Екатерина Гуляева

                                                    Аударған – Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу