KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 3 м/с, В
519.61 610.13 6.54

Ұлан ауданында жаңа өндірістер мен инвестициялық жобалар қарқын алуда

31.10.2025, 13:00 160 Базарова Айгүл

Ұлан ауданында экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Негізгі басымдық – жаңа өндіріс орындарын ашу мен қолданыстағыларды жаңғыртуға берілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аудан әкімдігінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 1,3 пайызға өсіп, 45,5 миллиард теңгені құраған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 68,6 миллиард теңге (өсім 1,3%), негізгі капиталға салынған инвестициялар – 10,7 миллиард теңге (өсім 36,3%). Соның ішінде жеке инвестициялар көлемі 5,1 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Құрылыс саласында да оң динамика байқалады: атқарылған жұмыстар көлемі 58,7 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй аумағы – 4,5 мың шаршы метр. Ал жергілікті бюджетке түсімдер 14 пайызға өсіп, 3,2 миллиард теңгеге жеткен.

Аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз шамасында сақталып отыр. Жыл басынан бері 1 269 жаңа жұмыс орны ашылған, оның 919-ы – тұрақты.

Индустрия мен ауыл шаруашылығында жаңа жобалар іске асуда

Ұлан аудандық әкімдігі экономиканың нақты секторындағы резервтер мен негізгі бағыттарды айқындап, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларын дамытуға басымдық беріп отыр.

Жалпыұлттық инвестициялық пулға ауданнан жалпы құны 341,9 миллиард теңге болатын алты жоба енгізілген. Олардың ішінде литий өндіру және өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинаты, ірімшік өндіретін сүт фермасы, жылу оқшаулағыш материалдар зауыты және құс фабрикасы сияқты ірі жобалар бар.

Өңірлік деңгейде де жеті жоба жүзеге асырылуда. Бұл қатарда сүт-тауар фермалары, жылыжай кешендері және суару жүйелерін орнату жобалары бар. Сонымен қатар Айыртау ауылында «Қаршыға» демалыс базасын салу жоспарланған.

Инвестициялар мен серіктестікке басымдық берілуде

Касым Қайсенов кенті маңында жалпы аумағы 14,4 гектар болатын көлік-логистикалық орталық құру көзделіп отыр. Бұл орталық жүктерді жинау мен сақтауға арналған заманауи инфрақұрылым болмақ.

«KAZ Critical Minerals» компаниясы Огнёвка және Асубұлақ кенттері маңында барлау жұмыстарын жүргізіп, бұрынғы «Белогор» комбинатының инфрақұрылымын қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, аудан аумағында сегіз жер қойнауын пайдаланушы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен айналысуда.

Шетелдік инвесторлар да ауданға қызығушылық танытып отыр. Таврия ауылында Қытайдың «Сючан Юде Интеллект Технологи» компаниясымен бірлесіп жылына 20 миллион дана кірпіш өндіретін зауыт салу жобасы қолға алынған. Оның жалпы құны – 3 миллион АҚШ доллары.

Жергілікті кәсіпорындарды дамыту бастамалары

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жалпы құны 9,4 миллиард теңге болатын төрт жоба ұсынылған. Олар:

– «Өскемен құс фабрикасында» биоөңдеу цехын салу;

– «Алтай форель» кәсіпорнында өндіріс көлемін арттыру;

– Ізғұтты Айтықов ауылындағы сүт-тауар фермасын қайта құру;

– «Самал тау» кәсіпорнында балық өсіру және өңдеу кешенін салу.

Жалпы алғанда, Ұлан ауданында жүргізіліп жатқан жобалар экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған.


Елизавета Седых 

Аударған: Айжанат Бақытқызы 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу