«ҚазАвтоЖол» көлік жүргізушілерін жазғы шиналармен алыс жолға шықпауға шақырады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде қар аралас жаңбыр жауып, кей өңірлерінде қар түсуі мүмкін. Жолдарда көктайғақ байқалуы ықтимал. «ҚазАвтоЖол» Шығыс Қазақстан облысының жүргізушілерін жолда абай болуға, ауа райының өзгерісін ескеріп, ерекше сақтық танытуға шақырады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шығысқа қылышын сүйреткен қыс та таяп қалды. Осы ретте, әсіресе, алыс жолға жазғы шиналармен шығу өте қауіпті. Мамандар сондықтан көліктерді қысқы дөңгелектерге ауыстыруды жылдамдату қажеттігін ескертеді. Бұл жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, жылдамдық режимі мен көліктер арасындағы арақашықтықты қатаң сақтаңыздар.
«ҚазАвтоЖол» 1403 байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Жол жағдайына қатысты ақпарат алу немесе хабарлама беру үшін кез келген уақытта қоңырау шалуға болады.