Өскеменнің сегіз мектебінде робототехника үйірмелері іске қосылады
Облыс орталығындағы №11 мектеп-лицей базасында RoboBastau жобасының салтанатты ашылуы өтті. Жоба операторы – Астана қаласындағы Robotek робототехника мектебі. Осыған дейін Robotek мамандары қала мектептерінің информатика пәні мұғалімдеріне арнайы оқыту жүргізген-ді. Енді Өскемендегі сегіз мектепте робототехника бойынша тегін үйірмелер іске қосылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бағдарлама оқушыларға робототехника саласында тәжірибелік дағдылар алуға, сондай-ақ халықаралық байқаулар мен жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Жобаның бас демеушісі – «Қазцинк» компаниясы.
Шараға қатысқан компанияның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев бұл Өскемен қаласы мектептерінің оқушыларына жасалып отырған үлкен қолдау екендігін атады.
Ал Robotek мектебінің директоры Санжар Шалкарбеков бағдарлама ерекшеліктері мен жасанды интеллект және робототехника бағыттарын дамыту мүмкіндіктері туралы ойларымен бөлісті.
Облыстық білім басқармасына қарасты «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Ардак Кубентаева жиында инженерлік-техникалық білім берудің маңыздылығын атап өтіп, жобаның өңірдегі инновациялық білім беруді дамытудағы рөлін жоғары бағалады.
Іс-шараға қаладағы мектеп директорлары, жоғары оқу орындары мен Жас техниктер стансасы өкілдері және өңірдің инновациялық білім беру саласына қызығушылық танытқан педагогтар қатысты.
Дәурен Аллабергенұлы