Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сана: Жастарға түсіндіру жұмысы
Өскеменде «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру» тақырыбында студенттер мен құқық қорғау саласы мамандарының кездесуі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы, Ішкі істер департаменті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру және Әділет департаменттерінің өкілдері қатысты. Олар жастармен ашық пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселе — жемқорлықпен күрес және әділдік қағидатын нығайту төңірегінде ой бөлісті.
Кездесуді ашқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Дархан Хайруллин жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстелде экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жанар Тайғаранова жастарға бағытталған профилактикалық жұмыстың өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, жемқорлықпен күрес тек жазалау шараларымен емес, адам бойындағы адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеу арқылы жүзеге асуы тиіс.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың құқықтану кафедрасының профессоры Гүлмира Байркенова жастардың құқықтық сауаты мен сыни ойлау қабілеті қоғамдағы әділдік деңгейін анықтайтынын айтты.
Өскемен қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Сабыр Мейірман заңды құрметтеу мен азаматтық жауапкершілік тақырыбында сөз сөйлеп, студенттерге нақты өмірден мысалдар келтірді. Ал С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті, “Respublika” партиясы жастар қанатының жетекшісі Жігер Сәрсенбаев жастар арасындағы белсенділіктің артуы қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуге қатысқан Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Аяужан Әшімова да мемлекеттік қызметте ашықтық пен адалдық қағидаттарын сақтау маңызды екенін жеткізді.
Шара соңында студенттер мамандарға сұрақ қойып, өз ойларын білдірді. Қатысушылар жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтты.
Мамандардың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әсіресе, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастардың бұл үдеріске белсенді қатысуы — әділ қоғамға бастайтын маңызды қадам.
Серік Құсанбаев
Фото: Махаббат Ахметжанова




