Антикор ҚАЕУ-де сыбайлас жемқорлық нормалары туралы дәріс өткізеді
Фото: gov.kz
Конституция күніне орай Қазақстан-Америка еркін университетінде «Конституция – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың, мемлекет пен қоғам бірлігін дамытудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев, ЖОО оқытушылары мен студенттер қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Іс-шара барысында Талғат Башев Конституцияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі маңызын атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің негізін бұзатын, азаматтардың билікке деген сеніміне нұқсан келтіретін және ресурстардың әділ бөлінуіне жол бермейтін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің адамгершілік және практикалық құндылығы бар екенін түсіну маңызды, өйткені ол әр адамның адал және лайықты өмір сүру құқығын қорғауға бағытталған, – деді ол.
Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы туралы ақпарат айтылып, департамент өкілі студенттерді белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды. Іс-шара барысында департамент басшылығы мен ЖОО ректораты сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша дәріс өткізуге уағдаласты.