Әскерилермен жемқорлыққа қарсы кездесу өткізілді – Өскемен
Фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі
ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі шаралар өткізуде.
Әскери қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәдениет қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің облыстағы барлық бөлімінің басшыларымен, қызметкерлерімен, әскерге шақырушылардың денсаулығын тексеретін дәрігерлермен кездесу өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Әскери қызметшілер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға атсалысуы керек. Біздің мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты үлкен өзгерістер сатысында. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны тудыратын себептер мен жағдайларды жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің жалпы тұжырымдамасының негізгі бағыты, – деді Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің аға офицері (сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі) әділет аға лейтенанты Кайсар Ахметов.
Кездесу барысында Қайсар Айтбекұлы жиналғандарды "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулермен таныстырды.
Сонымен қатар Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің аға офицері мерзімді әскери қызметке шақырту алған болашақ сарбаздармен де кездесіп, сыбайлас жемқорлықтың салдары мен зардабы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.