KZ
Өскемен
-2°
снег жел 6 м/с, ОБ
512.81 604.19 6.57

Өскеменде Зайсан ауданының мәдени күндері өтеді

6.11.2025, 18:00 398 Базарова Айгүл

Өскемен қаласында 7–8 қараша күндері «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Зайсан ауданының мәдени күндері өтеді. Іс-шаралар аясында қала тұрғындары мен қонақтарын түрлі мәдени, көрмелік және спорттық бағдарламалар күтіп тұр, деп хабарлайды Altainews.kz.

7 қараша күні сағат 18:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Зайсан өңірінің талантты өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылады. Кеш барысында көрермендерге Зайсан жерінің ән мен жырға толы бай мәдени мұрасы ұсынылады.

Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары үшін ауданның ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерінің, тарихи жәдігерлерінің, қолөнер шеберлері мен зергерлердің, шебер және суретші балалардың туындыларының көрмелері қойылады. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткен Зайсан технология колледжінің жетістіктер көрмесі де көпшілік назарына ұсынылады.

8 қараша күні сағат 08:00-ден бастап «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығында Зайсан ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Мұнда аудан кәсіпкерлері мен шаруалары өз өнімдерін тұрғындарға тиімді бағамен ұсынады. Сондай-ақ жәрмеңке аясында аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы және ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады.

Мәдени күндердің шырайын келтіре түсу мақсатында 8 қараша күні сағат 10:00-де «Maxi Mall» ойын-сауық және сауда орталығында ерекше музыкалық-тақырыптық шеру мен концерт өтеді. Бағдарламаға аудан өнерпаздары, әжелер ансамбльдері, өнерлі ардагерлер және колледж студенттері қатысады.

Зайсан ауданының мәдени күндері – өңірлер арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайтып, ұлттық дәстүр мен өнерді дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени жоба.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу